«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, халқын сүйетін парасатты азаматтарды тәрбиелеуде мұғалімнің атқарар еңбегі орасан екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Бүгінде өзіміз ұстаз атанып, алдымыздан талай шәкірт ұшырсақ та, басымыз қосыла қалса, балалық бал дәурен шағымызға оралып, кезінде бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызды жиі еске аламыз.

Әсіресе, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында егемен ел атанғанымызды алғаш рет қуанышпен хабарлаған ұстазымыз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Сәуле Кереева жайлы айтпау мүмкін емес.

Осыдан ширек ғасыр бұрын география пәнінің мұғалімі Сәуле Әбуқызы: “Дүниежүзілік картада жаңа, егеменді, тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Оның Президенті, шекарасы, рәміздері, мемлекеттік тілі, астанасы, ұлттық валютасы бар”, – деп ерекше қуанышты сезіммен жеткізген еді. Елімізде 100-ден астам этнос өкілдері тұратындығын, Қазақстан жерінің кең-байтақ екенін, өз тарихында еш халықтың жеріне шабуыл жасамаған мемлекетіміздің бейбіт бағытта дамуды көздеп отырғанын зердемізге құйған да осы ұстазымыз еді. Сәуле Әбуқызының: “Қазақстан жерінде Менделеев таблицасының 105 элементінің 99-ы табылған. Сол мол байлық еліміздің игілігіне жаратылатын болады”, – деген сөздері жадымызда жатталып қалыпты.

Шәкірттеріне берген сабақтары өмірмен тығыз байланысты болғандықтан ұдайы қызықты өтетін. “Ұстаздық ету – өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау”, деп француздың ұлы ойшыл-философы Ж. Руссо айтқандай, ұстаз ғана бала жүрегіне жол тауып, артынан ұмытылмайтын із қалдырады. Сәуле Әбуқызы шәкірттеріне көп көңіл бөлетін. Ол бізді бірнеше мәрте Мәскеу, Орел, Брянск қалаларына саяхатқа апарған еді. Соның арқасында қаншама ел мен жерді көріп, өзімізге жаңалықтар ашқан болатынбыз.

Мұғалімнің бүкіл мақтанышы шәкірттерінің, өзі ұшырған ұрпақтарының өсіп-өнуінде. Сәуле Кереева он жеті жыл бойы Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай орта мектебінде география пәнінен сабақ берді. Бүгінде аталмыш мектепте еңбек ететін ұстаздардың 48 пайызы оның оқушылары. Олардың арасында мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары болып қызмет атқарып жүргендері қаншама?! Сәуле Әбуқызының ізін басып, география пәнінің мұғалімі мамандығын таңдаған шәкірттері қазіргі таңда ауданымыздағы және Ресейдің Омбы қаласындағы мектептерде қызмет атқарады.

Сәуле Әбуқызының білім саласындағы жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Ол өзінің бай тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосуда. Зейнетте болса да облысымыздың көптеген мектептерінде жүргізілетін тексерулерге қатысып, сарапшы ретінде комиссияда жүрген жастарға ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінде бас маман болып қызмет атқаруда.

Достыққа мықты, туысты да, шәкіртін де сыйлай, құрметтей білетін Сәуле Әбуқызының әзіл-қалжыңы да өзіне жарасып тұрады. Жан дүниесі терең, сабырлы да салмақты ұстаздың атына заты сай, жүрген жерін нұрландырып, ерекше сезімдерге бөлейді. Біз ұстазымыздың бойындағы жақсы қасиеттеріне қызыға отырып, оған ұқсауға тырысамыз. Қашан да қарапайым, көпшіл және жүрген ортасында өте сыйлы ол бір көрген адамды өзіне баурап алады. Қандай тақырып қозғалса да өзінің білімімен қатар біліктілігін, адамгершілігін көрсетіп, үлкен-кішімен тіл табысып, байыппен сөйлеп, әңгімеге кірісіп, дұрыс бағыт береді.

Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, Уәлиханов ауданының құрметті азаматы болған әкесі, марқұм Әбу Әбішев те өте беделді, елдің қамын ойлайтын, шыншыл, әділ, жасқанбай тура сөйлейтін, баршаға танымал, сыйлы жан еді. Мұндай кісіден туған қыз басқаша болуы мүмкін емес. Сәуле Әбуқызы өз бойына шешесінің мейірім-шапағатын, әкесінің ақылдылығын, кеңпейілділігін жиып өскен. Бүгінде өзі де балаларының бойына осындай адами қасиеттерді сіңіріп, өнегелі тәрбие берген асыл ана, ардақты әже. Бұл дәстүр әрі қарай да ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.

Біз өзіміз шәкірт тәрбиелеп жүрсек те, ұстазымыздың ақыл-кеңесіне, көмегіне әлі де мұқтажбыз. Оның Отан үшін, мемлекеттік тілдің дамуы үшін қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Жанымызда осындай үлгі етіп, мақтан тұтарлық тұлғалар көбейе берсе, еліміз көркейіп, өркендеп, ынтымақ-бірлігіміз жарасып, алдыңғы қатардан табылатынымызға шүбә жоқ.

Салтанат ЖЕТІБАЕВА,

Ақтүйесай орта мектебінің

ұстазы.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp