Кеше облысымыздың барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде “Ашық есік күні” өтті. Таңертеңнен бастап мектеп оқушылары ұстаздарымен бірге дене шынықтыру кешендері мен залдарына барып, өздеріне ұнаған спорттың қыр-сырын кәсіби мамандардан сұрап білді.
Петропавл қаласында және аудандарда барлығы 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар екен. Былтыр ашылған Спорт сарайында да бірнеше секция жұмыс істейді. Жеңіл атлетика, хоккей, футбол, күрестің бірнеше түрі, шығыс жекпе-жегі және гимнастикамен шұғылданамын деушілерге сарайдың есігі ашық.
“Ашық есік күніне” келген балғындар бір сағат мұз айдынында тегін сырғанады.
– Балаларды спортқа, саламатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында “Ашық есік күні” өтіп отыр. Гимнастика мектебі де жыл бойы қабілеті бар балаларды қабылдай береді. Бізде көркем гимнастика, спорттық гимнастика және спорттық би бөлімдері жұмыс істейді, – дейді гимнастикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Есілбай Омаров.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.