
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дариға Шәкімова кеше Петропавл қаласына келіп, жерлестерімен кездесті.
Ол шаршы алаңға шығып, қолғап түйістірудің қыр-сырын алғаш Петропавлдағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатында үйренген болатын. Сол себепті жеңіс тұғырынан көрінуіне елеулі үлес қосқан ұстаздарымен кездесіп, алғыс айтуды жөн көрген боксшы әуелі аталмыш мектепке ат басын тіреді. Оны мектеп оқушылары әсем әуенмен қарсы алып, жанкүйерлері қолтаңбасын алды.
Кездесу барысында ел біріншілігі мен Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған Дариға спорттағы әр жетістікке жаттықтырушыларының тәлімі мен өзінің талпынысының арқасында жеткендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, былғары қолғап шебері жасөспірімдерге әлемнің басты байрақты бәсекесі жайлы айтып, оларды алдарына үлкен мақсаттар қойып, оған жету жолында талмай талпынуға шақырды.
Айта кеткен жөн, Дариға Шәкімова Олимпиададағы ең алғашқы жекпе-жегінде канадалық қарсыласы Ариан Фортинге есе жібермей, оны 2:1 есебімен ұтты. Ширек финалда ол қарсыласы ресейлік Ярослава Якушинаны 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал жартылай финалда 75 килограмм салмақта жұдырықтасқан боксшы аруымыз америкалық Кларесса Шилдстан айласын асыра алмай, қола жүлдені місе тұтқан еді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.