«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДАРҒА ЖҮКТЕЛЕР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЗОР

Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Ресми бөлімнен бұрын өңір басшысы мен конференция меймандарының назарына облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейі оқушыларының зерттеу еңбектері ұсынылды. Ізденімпаз шәкірттер жаратылыстану-химия бағыты бойынша ашқан жаңалықтарымен бөлісті.

Дәстүрлі тамыз кеңесі “Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялық және құзыреттілік тәсіл – табысты мектепке қадам” тақырыбында өтті. Жиында отандық білім сапасын арттыру, облыс мектептерінің 12 жылдық білімге көшуі және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау мәселелері қаралды.  

Жалпы бүгінгі күні өңірімізде 539 мектеп бар болса, білім беру мекемелеріндегі оқушылар саны – 70 мың. Ал жаңа оқу жылында 8 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына орай бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс сөз болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, бұл мәселе барлық аудандарда оң шешімін тапқан, тек Петропавл қаласы бойынша төрт мыңнан артық бала балабақша кезегін күтуде.

Облыс орталығында Ұлттық қор қаржысына 855 орындық балабақша құрылысы басталыпты, сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 800 бүлдіршінге арналған мектепке дейінгі білім беру мекемелері тұрғызылып жатыр.

Сонымен қатар, облыстағы апатты мектептердің жағдайы да сөз болды. Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда ескі білім мекемелерінің орнына жаңасы салынып жатыр, осылайша 2016 жылы бұл проблема түбегейлі шешілмек.

Жыл сайын ата-аналарды пән оқулықтарының тапшылығы қынжылтып келсе, биыл бұл мақсатқа облыстық бюжеттен 426 миллион теңге қаржы бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп.

Шолпан Таңатқызы өңіріміздегі мектептердің проблемалары мен оқушылардың жетістіктеріне жан-жақты тоқталғаннан кейін білім саласы мамандарының түрлі тақырыптар төңірегіндегі баяндамалары тыңдалды. Қазақ-түрік мектеп-лицейінің директоры Ержан Әубәкіров әртүрлі деңгейдегі білім байқауларында табысқа жетудің жолдары жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, осы күнге дейін аталмыш білім ұясын 250-дей түлек тамамдаса, соның 200-ге жуығы – білім гранттарының иегерлері. Аталмыш мектептің шәкірттері Владислав Малихтарович пен Ерасыл Ділдайым Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жаңа ойын түрін құрастырыпты. Олар “Қазақ хандығының тарихы” атты бұл еңбектерін облыс ұстаздарына таныстырды.

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов өз сөзінде еліміздің жастары білімді, жан-жақты, Отанын сүйетін, белсенді азаматтар болып өсулері қажеттігін баса айтты. “Сондықтан ұстаздар қауымына жүктелер жауапкершіліктің салмағы зор”, – деді ол. Бұдан кейін облысымыздың үздік тәлімгерлерін марапаттады. Бір топ ұстаздарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты берілді. Сонымен қатар, білім саласының алты қызметкері “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” және “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілеріне лайық деп танылды. Ал үздік рейтингтік көрсеткіші үшін өңіріміздің 11 білім беру ұйымына облыс әкімінің сыйақысы табыс етілді. Осындай марапатқа Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жақсы нәтижелерімен көзге түскендер де ие болды.

Айгүл ОРАҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат Тәнібаев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp