«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗДАР СЫНҒА ТҮСТІ

Петропавлда “Ең үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі – 2016” байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті. Байқау дене шынықтыру мұғалімдерінің кәсіби-шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісу және аталмыш мамандық иелерінің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылды. Оған кемінде үш жыл педагогикалық өтілі бар жалпы білім беретін ұйымдардың дене шынықтыру мұғалімдері қатысты.

Он екі үміткер бақ сынаған сайыс төрт кезең бойынша өтті. “Шебер-педагог” кезеңінде мұғалімнің кәсіби тәжірибесі ортаға салынды. Бес минут уақытта сайысқа қатысушылар өзі, қызметі, жаңашыл идеялары және нәтижелерімен таныстырды. Ол еркін түрде өтті. Онда қатысушылар фото, слайд, бейне және дыбыс жазбаларын пайдаланып, ұстаздардың шығармашылығы мен бастамалары қадағаланды.

“Жаңа мектепке – жаңашыл сабақ” деп аталған екінші кезеңде сайысқа қатысушылар бөтен сынып (5-9-сынып) оқушыларымен дәстүрлі емес сабақ өткізулері керек болды. Оған бөлінген 40 минут уақытта қатысушылар сайыс, саяхат, кіріктірілген, тағы басқа сабақ түрлерінің бірін өткізуі тиіс. Қатысушы мұғалім сабақтың бөлімдері мен тақырыбын өзі таңдады және соңында өз-өзіне талдау жасады.

Үшінші кезеңде сайыскерлер “Әрбір жұмыс тәжірибесіне – тиімді әдіс” тақырыбы бойынша авторлық бағдарламаларын ұсынды. Оны қорғауға 10 минут уақыт бөлінді. Төртінші кезең “Достық стадионы” деп аталды. Қатысушылар спорттық іс-шараның тұсаукесерін жасады. Ол фото, бейнежазбаларды пайдалана отырып, ауызша түсіндіру, баяндау түрінде өтті.

Айыртау ауданындағы №1 Саумалкөл орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Николай Скворцов “Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі – 2016” байқауының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, ол “Шебер-педагог” аталымы бойынша да марапатталды.

Есіл ауданының Ясновка орта мектебінен Людмила Торжинская мен Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінен Қайрат Сыздықов екінші орынға тұрақтады. Жүлделі үшінші орынды Уәлиханов ауданының Көбенсай орта мектебінің өкілі Қуаныш Мұхамеджанов пен Шал ақын ауданы Ақан-Барақ орта мектебінің мұғалімі Ольга Гриценко өзара бөлісті.

“Жаңа мектепке – жаңашыл сабақ” аталымы бойынша жүлдені Тимирязев орта мектеп-интернатының мұғалімі Нұрым Байлин иеленді. “Әрбір жұмыс тәжірибесіне – тиімді әдіс” аталымы бойынша Ақжар ауданы Қарашілік орта мектебінен Біржан Біләлов жеңімпаз деп танылды. “Достық стадионы” аталымы Мамлют ауданы Белое орта мектебінің мұғалімі Виктор Лютыйға бұйырды.

Байқау жеңімпазы сәуір айының соңында республикалық “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығында өтетін ақтық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp