
Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылының тумасы Бектұрған Рамазанов – ұстаздық мамандықты таңдап, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, өмір мектебіне топшысын қатайтып ұшырған жан. Бастапқыда ауыл шаруашылығы саласына бүйрегі бұрған бала Бектұрғанның мұғалімдік мамандықты таңдауына жол сілтеген әкесі Құрмаш Рамазанов екен. Ол Үлгіде ашылған мектептің алғашқы ұстазы, кейін сол білім ошағын 30 жыл басқарған.
“Әкеге қарап ұл өсер” дегендей, Бектұрған Рамазанов ұстаздық жолға осылай келеді. Педучилищені бітірген соң еңбек жолын Үлгі мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған жігіт кейін тарихшы мамандығын сырттай меңгереді. Училище бітіргендіктен, мұғалім жетіспегенде бірнеше жыл қазақ тілінен де сабақ беріп, бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Білім майданында талмай еткен еңбегі еленіп, бірнеше жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Зейнеткерлікке шыққанға дейінгі 24 жылда мектеп тізгінін ұстайды. Мұғалімдікті барлық мамандықтың анасы деп білетін зейнеткер ұстаздың өз ұрпағы ата мен әке жолын қуған.
– Балаларымның төртеуі – қазақ тілі мен әдебиеті, үлкен қызым – математика, Сапар деген ұлым – география-тарих, тағы бір қызым химия-биология мамандықтарын алып, бәрі де мұғалімдік қызметтен өздерінің бақыттарын табуда. Қарындасым мен келіндерім де осы мәртебелі мамандық иелері. Біздің әулеттен шыққан мұғалімдердің жалпы өтілі үш жүз жылға жақындайды. Оған өзім қуанамын, – дейді Бектұрған Құрмашұлы.
Саналы ғұмырын ауыл мектебінде балаларға білім мен тәрбие беруге арнаған Бектұрған Рамазанов 2009 жылы қалаға көшіп келеді. Алайда, “зейнеткерлікке шықтым екен” деп, қол қусырып қарап отырмайды. Ол облыстық ақсақалдар алқасының бастамасымен құрылған “Қариялар мектебіне” мүше. Мектептерде ұйымдастырылатын кездесулерге барып, әртүрлі тақырыптарда дәрістер оқып тұрады. “Өзіміз жаңа оқу жылына жоспар жасап, тақырыптарын мектептерге бердік. Олар сол тақырыптардан өздеріне керектілерін таңдап, бізге хабарласады”, – деген Бектұрған Құрмашұлы ашылуына Болат Сағындықов ұйытқы болған “Қариялар мектебінің” құрамында Әлімжан Мәжитов, Жұмаш Сейітбеков, Әлия Малдыбаева, Қымбат Исманова сияқты ұзақ жылдар педагогика саласында еңбек еткен ұстаздар бар екенін тілге тиек етті.
Қарт ұстаздың ұқыптылықпен қаттап, жинап қойған мақтау қағаздары мен құжаттарынан, бүгінде сарғая бастаған газет беттерінде ол туралы жарық көрген мақалалардан оның білім саласына сүбелі еңбек қосқанын аңғардық. “Кезінде облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Ніл Болатбаевтың қолынан алған марапатым өзіме ерекше ыстық”, – деп ағынан жарылған Бектұрған Құрмашұлы көптеген марапаттарының ішінен оны бірден тауып алды. Оны 1978 жылы алған екен.
Ұстаздың әр марапатының өзіндік тарихы бар. Мәселен, республикалық деңгейге көтерілуіне сол кездегі атқарған насихатшылық жұмысының көп пайдасы тиеді. 1980 жылы Алматы қаласында өткен насихатшылардың республикалық слетіне қатысып, сонда “Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” деген атақ беріледі. 1992 жылы халыққа білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін “Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері” белгісін, 2001 жылы “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл” мерекелік медалін таққан.
Болашақ ұрпақ туған өлкесінің тарихын, шыққан тегін біліп жүрсін деген ниетпен Бектұрған Рамазанов Үлгі ауылының 60 жылдығына орай “Ауылым – алтын бесігім” атты кітап бастырып шығарған. Онда осы елді мекеннен шыққан атақты адамдар, олардың өмірі, ауыл адамдарының шежіресі көрсетіліпті.
“Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды” демекші, бүгінде Бектұрған Құрмашұлы алдынан ұшырған оқушыларының жетістіктеріне марқаяды. Оқушылары Айман Өтенова – қазір Білім және ғылым министрлігінде бас сарапшы, Руслан Сәкеев – Әділет министрлігінде жауапты қызметте, Нұргүл Смағұлова – филология ғылымдарының кандидаты, Манаш Қозыбаев атындағы университеттің оқытушысы, Сандуғаш Бәйкенова – “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру институты” филиалының жаттықтырушысы, одан басқа да қала, облыс көлеміндегі біраз мектептерде ұстаздық етіп жүрген шәкірттері бар.
– “Алтын белгі” алғаш шыққан жылдары облыста екі-ақ бала білімін дәлелдеді. Біреуі – “ЛОРД” лицейінен, атын ұмытыппын, Демичева деген оқушы да, екіншісі біздің Үлгі мектебінен Торғын Тұрлыбаева болды. Ол кездегі талап бойынша оқушы, біріншіден, он бірінші сыныпқа дейін барлық пәндерден беске оқуы және бітіретін жылы олимпиаданың жеңімпазы болуы керек еді. Қазір Торғын Талғар қаласында аудандық газеттің редакторы болып қызмет істейді. Биыл “Алтын белгіге” бір үміткер бар екен, бір балы жетпей, дәлелдей алмай қалыпты. Бірақ Еуразиялық Ұлттық университетке грантпен түсіп кетті, – деген зейнеткердің сөзінен оның әлі де барлық жайдан хабардар екені байқалады.
45 жыл ішінде өзінің мамандығына бір рет те шүбә келтірмей, бар жанымен беріле қызмет атқарған байырғы ұстаздың сөзіне қарағанда, оның қазіргі білім сапасына көңілі толыңқырамайды. Балалар кесте, шаблонмен ғана оқып-білуді мақсат тұтады. “Білім жүйесіндегі жылдағы реформалар оқушыны да, ата-ананы да, ұстаздарды да мезі етті. 23 жылдың ішінде он шақты министр ауысты, әр-қайсысы өз реформасын енгізеді. Ол еніп үлгермей жатып, басқасы келеді. Сонымен білім сапасы да, мұғалім мәртебесі де төмендеп кетті”, – деп өзінің алаңдаушылығын білдірген қарт ұстаз оқу жүйесіндегі олқылықтар түзеліп, бір қалыпқа түсетінінен үмітті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.