Бүгінгі таңда ұстаздар алдында білім сапасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оқушыларды мектепте алған ілім-ғылымдарын шынайы өмірде тиімді қолдана білуге үйрету міндеті тұр.
“Ұстаздың қаруы – сабағы” дегендей, мен де өзіме жүктелген осы міндеттерді жүзеге асыру үшін белсенді оқыту стратегияларын пайдаланып, алдымдағы шәкірттеріме білім алу жолдарын көрсетудемін. Нәтижесінде оқушыларым еркіндікке ұмтылып, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізуге тырысуда. Білімге ынталы, сенімді, сыни ойлай алатын, пікір-көзқарастары жүйелі дамыған шәкірттер қалыптасып келеді. Өзім “PISA” зерттеуі негізінде өткізген сабақтарымда осыған көз жеткіздім.
9-сыныпта “Абайдың қарасөздерін”, 8-сыныпта М.Мақатаевтың “Аққулар ұйықтағанда” дастанын, 7-сыныпта “Сөз тіркесінен өткенді қайталау” тақырыптары барысында топпен жұмыс істеу әдісі арқылы оқушылардың өзіндік мені қалыптастырылып, пікірлерін қорғап, түйінді ой түюге үйренді. Сол сияқты, “Фото қою”, өлең құрастыру тәсілдерінің әрқайсысы ұшқыр ойлауға, тақырыпты терең меңгеруге, сөз ұйқастарын дұрыс табуға дағдыландырады.
Қазақ тілі пәнінде: тәтті, күлгін, биыл, артта, қышқыл, қызғылт, сәуірде, жанында, тағы басқа сөздерді мағынасына қарай (мекен, дәм, түс, мезгіл) топтастырып жазу жаттығуын орындату оқушының ойлау қабілетін арттыруға, сөздік қорын молайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ, “Қызылқұмның ажары беті жаңа ашылған келіншектей әдемі екен” деген сөйлем ішінен асты сызылған сөз тіркесінің түрін анықтап, стилін ажыратуға берілген тапсырма да оқушының ойланып, өз пікірін дәлелдеуіне мүмкіндік береді. Оқушы берілген: а) сын есімді тіркес – көркем әдебиет; ә) еркін тіркес – ғылыми; б) есімді тіркес – ғылыми; в) сөз тіркесі – публицистикалық; г) тұрақты тіркес – көркем әдебиет; нұсқаларының ішінен дұрысын анықтап, оған дәлелін өзге балаларға түсіндіру арқылы сабақта алған білімін тәжірибе жүзінде бекітеді.
Мәселен, а) 100; в) 11; с) 9; д) 20; е) 8, тағы басқа да цифрлардың ішінен құрамы жағынан ерекшелігі бар санды атау ойыны да балалардың байқампаздығын арттырады. Осындай тапсырмаларды орындау, дәлелдеу баланың көпшілік алдында еркіндігін қалыптастырады. Тапсырмалар тақырыпқа сай өзгертіледі.
Сабақты түрлендіре отырып, балаларды ойландыратын және жауабын өздері тауып, дәлелдейтін тапсырмаларды орындату арқылы олардың функционалдық сауаттылықтарын дамытамын. Ол оқушылармен жеке, жұппен, топпен жұмыс істеу барысында қалыптасады. Сабақта бірде-бір оқушы жай отырмайды. Олар оқу құрамдастары бойынша сұрақ дайындап, оған өз пікірлерін қоса отыра, мәтіннен жауап әзірлеуге, қорытынды ойды да өздері табуға, білімдерін тексеріп, қажеттіліктерін анықтауға жаттығады.
Мәншүк ЖАНТОКЕНА,
Жалтыр негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.
Шал ақын ауданы.