Менің ұстазым – тарих және география пәндерінің мұғалімі Ұлан Закирьянов Айыртау ауданындағы Шүкірлік негізгі мектебінде жиырма жылдан астам еңбек етіп келеді. Білім мен тәрбие қатар жүретіні белгілі. Онсыз шәкіртті тұлға ретінде қалыптастыру мүмкін емес. Осы орайда өз сабағында жаңа оқыту әдістерін қолданып, терең білім беруге тырысатын Ұлан Кәкімұлы оқушыларына терминдер мен хронология, карта мен глобусты жетік білу талабын қоюшы еді. Шәкірттеріне талап қоя білген мұғалім өзіне де сын көзбен қарайды. Ұлан Кәкімұлы көптеген аудандық, халықаралық “Ақ бота”, “Пони”, “Қазақстан интернет олимпиадасы”, “Халықаралық оқушылар ғылыми проекциясына” өз шәкірттерін қатыстырып, жүлделі орындар алуда. 2015 жылы мектепте “Ауылым – алтын бесігім” атты мұражай ашып, он жыл жинастырған тарихи деректері мен жәдігерлерді қойды. Бұл еңбегі зор алғысқа лайық. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін, туған өлкені танып, өткенді ұмытпай, қайта одан өнеге алуға тәрбиелейтін мұражайдың жас буынды ұлтжанды етіп өсіруге қосатын үлесі мол деп білемін. Ұстаз – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің нұрын шашатын, адамгершіліктің шапағатын төгетін адам болса, Ұлан Кәкімұлы осы талаптан шыға білді. Бала кезінен жақсы оқуға ниет еткен, әрқашан қатарының алды болған ұстаз бүгінгі таңда сол еңбегінің жемісін көруде. Оның алдынан түлеп ұшқан шәкірттері қазір түрлі сала бойынша қызмет етуде. Ал жоғары білім алып жатқандары қаншама?! Солардың бірі – мен. Көзқарасымның қалыптасуына, өз жолымды табуыма көмектескен ұстазыма алғысым зор. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген сөз орынды айтылған. Шәкірттеріне өмір сүрудің мәнін ұғындырып, оның қыр-сырын ашқан, біздің дүниетанымымызды кеңейтуге тырысқан ұстазды ұмыту мүмкін емес. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”, – деген Абайдың сөзін өмірлік ұстанымы еткен Ұлан Закирьянов шәкірттерінің алдында сыйлы, әріптестерінің ортасында беделге ие. Халықтың “Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт” деген дана сөзі бар. Болашақта өзім де мұғалім атанбақпын. Сол жолда өзім құрметтейтін ұстазым маған үлгі болмақ.
Жазира ЖҰМА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ студенті.