Бораш Мұқанов – №2 Кішкенекөл орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол – Кішкенекөл ауылының тумасы.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін 2007 жылы тамамдап, еңбек жолын Көкшетау қаласында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған.
Мектепте ұстаздық етіп, шәкірттерін пән бойынша ғылыми жобаларға қатыстырып, олимпиадаларға дайындайды. Шәкірттерінің арасынан түрлі байқауларда асықтары алшысынан түскендері де бар. Мәселен, Ақмарал Елубаева есімді оқушысы Көкшетау қаласында ағылшын тілінен өткен облыстық ғылыми жобадан жеңімпаз атанған.
Жас мұғалім болғанымен, өз ісіне берілген жан оқушыларға білімді жан-жақты беруге тырысып бағады. Оның үлгі тұтар тұлғалары да аз емес. Саналы өмірін шәкірт тәрбиелеу мен білім беру саласына арнаған, 85 жыл тарихы бар №2 Кішкенекөл орта мектебінде қызмет еткен атасы Олжабай Мұқановтың ісін жалғастырып жүргенін мақтан тұтады. Өзі де осы мектептен білім нәрімен сусындаған.
– Оқуды тамамдаған соң, біздің ауданға жақын орналасқан Көкшетау қаласына қызметке тұрдым. Онда 6 жылдай қызмет еттім. 2013 жылы өзімнің ұстазым, мектеп директоры Тұрлыбек Оспановтың шақыруымен қаладағы қызметімді тастап, өзімнің ауылыма оралдым, – деді ол.
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясында талапты жас мұғалімдерді Кішкенекөл ауылының мектебінде қызмет етуге тартып жүрген №2 Кішкенекөл орта мектебінің директоры Тұрлыбек Темірғалиұлы: “Туған жерге туың тік” демекші, “Еңбектеріңді сіңірсеңдер, кіндік қандарың тамған ауылдарыңа сіңіріңдер” деп жалынды жастарды ауылға шақыруды тоқтатқан емеспін. Бораш Мұқановты да сол себепті қызметке тартқан болатынмын. “Жас келсе – іске” демей ме?! Биылғы оқу жылының түлектерінің ішінен Ұлттық бірыңғай тестілеуде төртінші пән ретінде ағылшын тілін таңдаған Назгүл Ережепова есімді оқушымызды Бораштың өзі дайындады. Нәтижесінде ҰБТ-дан 108 балл алса, ал ағылшын тілінің 25 сұрағының 23-іне дұрыс жауап берген. Бұл жас та болса мұғалімнің, одан қалды ұстазының тапсырмаларын бұлжытпай орындаған шәкірттің жемісі”, – деді.
Бораш Мұқанов ұстаздық қызметінен өзге облыстық байқауларға да қатысып тұрады. Өткен жылы мемлекеттік тілді оқыту орталығында жыл сайын өткізілетін “Тілдарын – 2013” республикалық олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысып, үш тілді жетік меңгергендігін дәлелдеп, сайыс қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.