Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жандар қашан да зор құрметке лайық. Сондай абзал жандардың бірі – Уәлиханов ауданындағы Ақтүйесай ауылында өмір сүрген Мәриаш Қажымқызы. Ол өнегелі ұрпақ өсіруде адал еңбегімен таныла білді. Білім бұлағынан сусындатумен қатар балаларды адалдыққа, кішіпейілділік пен еңбекқорлыққа баулыды. Бүгінде марқұмның білім саласында салып кеткен сара жолын ауыл мектебінің ұстаздары жалғастырып келеді.
Ақтүйесай орта мектебінің ұлағатты ұстазы Мәриаш апай мектепті тамамдаған соң анасы Қорлығайын Әбукәрімқызының жолын қуып, Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің орыс тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Төрт жылдан кейін жас маман атанып, қызмет орнын таңдау уақыты туған сәтте өз ауылына аттанып, еңбек жолын осы жерден бастауды ұйғарады. Мектеп ұжымы да арман қуып келген жасты жылы шыраймен қарсы алып, өз ісінің білгірі атануына жәрдемдеседі. Мәриаш Қажымқызы тәжірибелі әріптестерінің үмітін ақтау мақсатында алғашқы жылдардың өзінде-ақ бала оқытудың тың әдістерін ойлап тауып, жаңашылдығымен көзге түсті.
Тәлімгер еңбегі төрт-бес жылдың ішінде жемісін бере бастады. Оның алдынан білім алған жастар еліміздің әр өңірінде абыройлы қызмет етіп, білікті маман атанды. Мәриаш апайдың адал еңбегі аудан және облыс көлемінде жоғары бағаға ие болып, ол білікті ұстаз ретінде Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Жоғары санатты ұстаз жас мұғалімдердің жанашыры ретінде де көп еңбек етті. Ол ұжымға жаңадан қосылған мамандарды қамқорлығына алып, бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Әсіресе, жастарға сабақ барысында өздерін қалай ұстау керектігін үнемі айтып отыратын. “Ұстаз – мектептің жүрегі. Сендер оқушылар мен ата-аналардың алдында мәдениетті сөйлеп, мінсіз жүріс-тұрыстарыңмен ерекшеленулерің керек”, – деп ақыл айтумен қатар артынан ергендерден жаңашылдықты талап ететін.
Мәриаш Қажымқызы өмірінің соңғы сәттеріне дейін мамандығынан қол үзген жоқ. Зейнет демалысына шықса да, бала тәрбиелеу ісіне белсенді араласып жүрді. Облыс орталығына барған тұсында кітап дүкеніне ат басын бұрмай кетпеуші еді. Сондағы мақсаты – ауыл мектебі үшін балалардың ой-өрісін дамытуға арналған кітаптарды сатып алу болатын. Қазақ, орыс және әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын сатып алып, оқушыларына тегін тарататын. Түрлі семинарларға қатысу оның сүйікті істерінің бірі болатын. Осының нәтижесінде шәкірттері білім жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, ауыл атын шығарды.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған аяулы ұстаздың қыздары да бүгінде ұстаздық жолды таңдап, ана жолын жалғастырып жүр. Олар үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, ұстаз деген ұлы атқа кір келтірмеуге тырысу арқылы отбасында қалыптасқан игі дәстүрді де абыройлы жалғап келеді.
Мақтан тұтар ауылдасымыздың жарқын бейнесі мен адал еңбегін есте қалдыру мақсатында ауыл мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті сыныбына Мәриаш Қажымқызының есімін беру туралы бастама көтерген едік. Бұл өтінішіміз жергілікті білім бөлімі басшылары тарапынан қолдау тауып, жақында ол толығымен іске аспақ.
Малғаждар ОМАРОВ,
Ақжар ауданының құрметті азаматы.