
«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы”, – деген сөз бар дана халқымызда. Жас ұрпақтың тәлімді тәрбиесіне үлес қосуды өзінің өмірлік мақсатына айналдырған Айман Асанованы Тимирязев ауданының тұрғындары тәжірибелі маман, білікті басшы, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде құрметтейді. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын тамамдаған ол еңбек жолын орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып бастаған.
Ұстаз болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін жауапты әрі күрделі іс. Айман Серікқызы тынымсыз еңбегі мен жауапкершілігінің, білімі мен біліктілігінің арқасында қарапайым ұстаздықтан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне көтеріліп, Тимирязев аудандық мұрағатын басқарды. “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының қалыптасуы мен дамуына да сүбелі үлес қосты. Партия төрайымы қызметін де үлкен абыроймен атқарды.
Кейінгі жылдары ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен көзге түскен ол аудан орталығындағы алғашқы қазақ мектеп-интернатына директорлыққа тағайындалып, бұл қызметті он жылдан астам уақыт мүлтіксіз атқарып келеді. Білім ордасы алғаш ашылған жылы жан-жақтан келген жас мамандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жасау үшін тыным таппады. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында келген жастарға қолдау білдіру мектеп директорының асыл міндетіне айналды. “Оңтүстіктен – солтүстікке” бағдарламасы шеңберінде Тимирязев ауданына көшіп келіп жатқан отбасылар аз емес. Нәтижесінде аталған мектепте білім алатын балалардың саны да жыл санап артуда.
Айман Серікқызы бар күш-жігерін мектептің қалыптасу жолына сарп етуде. Әріптестерінің кәсіби дамуына, шығармашылықтарын шыңдауға бар мүмкіндікті жасауда. Басшылық тізгінді ұстағаннан кейін ол аз уақыттың ішінде аталмыш білім ордасын аудандағы үздік мектептердің қатарына қосып, материалдық базасын жақсартты. Осылайша, мектептің дамуына, білім және тәрбие беру ісінің нәтижелі болуына зор еңбек сіңірді.
Білім ордасы ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімен мақтана алады. Мәселен, мектепті “Алтын белгімен” аяқтап, биік белестерді бағындырған оқушылар ұжымның мерейін өсірді. 2011 жылғы үздік түлек Айнұр Әбдірахман Алматы қаласындағы әл-Фараби ҚазҰУ-де заңгер мамандығы бойынша білім алып, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында табысты еңбек етуде. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін ағылшын тілі мамандығы бойынша аяқтаған Ақылбек Мусин еңбек жолын өзі білім алған мектепте бастады. Әсем Иманқұлова, Эльмира Емпатова, Қанат Ескендіров, Батырхан Қыдырғалиевтер де өздеріне тәлім-тәрбие берген ұстаздарының жолын жалғап, алтын ұяда еңбек етуде.
Белсенді азаматтың халық қалаулысы атануы орынды. Депутаттық міндетін адал атқарып жүрген Айман Серікқызы сайлаушылардың сенімін ақтау мақсатында азаматтарды қабылдап, өтініш-тілектерін ескерусіз қалдырмайды. Олардың өтініштеріне жауап беру үшін тиісті ұйымдарға заңнама нормаларына сай депутаттық сауал жолдап, жауапкершілік танытып келеді.
Көп жылғы адал еңбегіне орай Айман Асанова Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталып, “ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл”, “ҚР мәслихатына – 20 жыл”, “Қазақ хандығына – 550 жыл” мерейтойлық төс белгілеріне ие болды. “Білім беру ісінің үздік қызметкері” атанып, жергілікті білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін оған облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы берілді.
Қызметтегі табысымен қатар оның отбасында аяулы жар, ардақты ана екенін де айта кеткен жөн. Жұбайы Мұхтар Аманұлымен бірге екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ұлағатты отбасы бүгінде екі немере, үш жиен сүйіп, аяулы ата-әже атанып отыр.
“Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады” демекші, ол өзі басқаратын оқу ордасын тек биік белестерге жетелеп, сенім үдесінен көріне білуде.
Зурәш АХМЕТОВА,
облыстық мәслихаттың
баспасөз қызметінің маманы.