Астанада “Үздік педагог – 2018” республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Қызылжар өңірінің ұстаздары да құрметке бөленгені жайлы ақпаратты естіп, қатты қуандық. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының профильдік оқыту ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, әріптесіміз Айнагүл Есқалиеваның республикалық байқау жеңімпазы атанғаны ұжымның мерейін асырды.
Педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық “Үздік педагог” байқауы өткізілуде. Биыл мектеп мұғалімдері арасында өткен дәстүрлі байқауға еліміз бойынша бес мыңға жуық үміткер қатысып, бақтарын сынады. Республика бойынша 64 жеңімпазға “Үздік педагог – 2018” төсбелгісі, куәлік және сыйақы табыс етілді.
“Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” екенін дәлелдеген Айнагүл Жұмабекқызын облыс жұртшылығы тәжірибелі, жаңашыл ұстаз, шебер ұйымдастырушы, ұлағатты жан, білікті маман ретінде жақсы таниды. Байқау барысында ұстаздар мен оқушылардың облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері сарапқа салынды. Айнагүл Жұмабекқызы – мектебіміздегі республикалық байқауда топжарған екінші ұстаз. Бұған дейін бұл атаққа тағы бір әріптесіміз Жадыра Қаржауова ие болған еді.
Ата-анасының “мұғалім болса екен” деген арманын болашағына бағдар етіп ұстаған Айнагүл Жұмабекқызы 1992 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын өзінің кіндік қаны тамған жері Ақтас негізгі мектебінде бастайды. Елгезек, жаңалыққа жаны құмар жас мұғалім алғашқы жылдарда-ақ жақсы жетістіктерімен көзге түседі. Оқушылары әртүрлі сайыстардан, пән олимпиадаларынан жүлделі орындарды иеленсе, өзі аудандық “Жаңашыл ұстаз”, “Үздік тәлімгер”, “Үздік сынып жетекші” байқауларының жеңімпазы атанды.
“Мектепті сыйлағандықтан, мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен, мұғалім, ең алдымен, өзінің интеллектісін көтеруі керек, дүниеге деген көзқарастарын биіктетуі керек”, – деген белгілі ақын Әбділда Тәжібаевтің пікірі Айнагүл Жұмабекқызының еңбек жолына арнап айтылғандай. 2009 жылы байқау негізінде Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданады. Әуелі қатардағы мұғалім қызметінен бастап, мектеп басшысының орынбасары деңгейіне көтерілген Айнагүл Жұмабекқызының еселі еңбегі көпке үлгі. Шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, үлкен ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болу керегі анық. Міне, осындай ұжымды айрандай ұйыта білген білікті маман педагогтердің жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне жағдай жасап келеді.
Ұстаз еңбегі – шәкірттер биігімен өлшенеді. Айнагүл Жұмабекқызы – алғысқа бөленіп жүрген бақытты ұстаз. Шәкірттерінің “Зерде” зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларының облыстық, республикалық кезеңдерінде, “Дарын” ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарды иеленуі, облыстық, республикалық пән олимпиадаларының жеңімпазы атануы, Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадада, “Ақберен” республикалық байқауында топ жарып, бас жүлделерді қанжығаларына байлауы, әр жыл сайын мектеп бітіруші түлектерінің жоғары нәтиже көрсетуі – мұғалім еңбегінің жемісі.
Ізденімпаз мұғалім білім додаларына шәкірттерін ғана қоспай, өзі де сан түрлі шығармашылық жұмыстардың ортасында жүреді. “Үздік авторлық бағдарлама” республикалық байқауында “Өз ісінің шебері” аталымы бойынша грамотамен марапатталуы, Қазақстан педагогтер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық “Ұстаздық – ұлы қызмет” байқауына ұсынған жұмысының үздік деп танылуы, облыстық әдістемелік семинарлар, шеберлік сыныптары, коучингтер өткізу, ғылыми конференцияларда баяндама жасау осылайша көпшілік көңілінен шығу – үлкен шеберлік. Бүгін де облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің зертханасының тізгінін ұстап жүр. Айнагүл Жұмабекқызының еңбектері елеусіз қалған емес. Еліміздің Білім және ғылым министрінің, “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығының және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, білім басқармасының, облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің марапаттарына да ие болды. Сонымен бірге педагогика саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін “Педагогика саласының үздігі”, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін “Ы.Алтынсарин” төсбелгілерін иеленді. “Ұстазды алтын діңгекке теңер едім”, – деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, Айнагүл Жұмабекқызы білім ордасында әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек еткені үшін осындай марапаттарды иеленіп жүр.
Француз жазушысы Жан Жак Руссо: “Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау”, – деген екен. Осы тәмсіл Айнагүл Жұмабекқызының ұстаздық жолына арналғандай. Білікті ұстазбен төрт жылдан бері қызметтес болып келемін. Сабырлы, салмақты мінезі, бейімділігі мен байыптылығы, ұйымдастыра білу қабілеті бойынан анық көрінеді. Ұстаз ретінде шәкірттерінің және әріптес ретінде қызметтестерінің жетістіктеріне баладай қуанады. Уақытының тығыздығына қарамастан, көмек сұрап келген оқушылар мен мұғалімдерге кеңес, бағыт-бағдар береді. Үнемі адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Ұжыммен тіл табысқан, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Мен үшін Айнагүл Жұмабекқызы – дара тұлға, әрбір сөзі – үлгі-өнеге. Осындай білімді де жаңашыл басшымен бірге жұмыс істеп, тәлім-тәрбие алып жатқанымды мақтан тұтамын.
Айнагүл Жұмабекқызы тек білікті маман, ұстаз ғана емес, отбасының берекесін келтіріп, ұйытқысы болып отырған асыл жар, ардақты келін. Ағайын-туыс арасында беделді, абыройлы. Отбасында екі қыз, бір ұлға ардақты ана.
Гүлбағыш КЕМЕҢГЕРОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.