Айыртау ауданындағы Сырымбет орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беретін жоғары санатты мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанат Шингожин ұстаздарға қойылатын талаптарға сай қызмет етіп, өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр. Осы мектепте 21 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан майталман ұстаздың бойынан жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесі мұғалімдерінен талап етілетін жан-жақты білімділікті, ерекше шәкіртжандылықты, сан қырлы шығармашылық біліктілікті, кәсіби икемділікті көреміз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, – деген сөзін басшылыққа алған Жанат Қажыбатырұлы – шәкірттеріне сапалы білім беріп қана қоймай, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Мұғалімнің кәсіби білімі мен біліктілігін шыңдауының үздіксіздігі – оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі, өзіндік жеке педагогикалық тәжірибесін жетілдірудің алғышарты деп білетін басшы өзге ұстаздардан да соны талап етеді.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, әріптесіміздің ұстаздық жолында жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болады. Ол үшін биылғы оқу жылы жемісті болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен интернет-олимпиадада бас жүлдеге ие болды және бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл – ұстаздың кезекті жеңістерінің бірі.
Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында өткен “Дарынды балалар: олардың интеллектуалдық-шығармашылық қабілеттерін анықтау және дамыту” тақырыбындағы республикалық форум аясында Жанат Шингожиннің білім беру жүйесіне қосқан сүбелі еңбегі ерекше бағаланып, ол белгілі педагог Ян Амос Каменский төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, ұстаз Қазақстан Республикасының Білім және ғылым академиясына мүшелікке алынып, мектебіміздің мерейін асырды.
Үстіміздегі жылы Жанат Қажыбатырұлы облыс орталығында өткен “Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің үздік оқытушысы – 2016” кәсіби шеберлік сайысында да Гран при иегері атанды.
Білімді де білікті ұстаздың жыл сайын өткізіліп келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеуде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, облысымыздың аттестаттау комиссиясының, оқушылар мен ұстаздар арасындағы аудандық, облыстық байқаулардың қазылар алқасының мүшесі болуының өзі Жанат Қажыбатырұлының еліміздің білім беру жүйесіне сіңірген еңбегінің зор екенінің айғағы.
Жанат Шингожин қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының: “Адамның адамшылығы… жақсы ұстаздан басталады”, – деген сөздерін өзінің өмірлік ұстанымы ретінде таңдап алған. Ол қашан да өзіне жүктелген сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан жас ұрпақ тәрбиелеп келеді. Ұстаздың шәкірттері – қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша “KATEV” халықаралық қоры ұйымдастыратын “Жарқын болашақ” олимпиадасының, Абай, Мағжан, Махамбет оқуларының, ғылыми жобалар сайыстарының жүлдегерлері. Облыстық “Есіл жұлдыздары” вокалдық байқауында да оқушысы Майдан Нияз жүлделі орынға ие болып, ұстазының сенімінен шықты.
Жанат Қажыбатырұлы – соңынан ерген жас мамандарға да үлгі болып, жол сілтеп жүрген ұлағатты ұстаз. “Ұстаздың алдында еліміздің болашағы, әр ата-ананың көз қуанышы, үкілеген үміті бар. Сондықтан мұғалім шәкірт жанына білім нәрін құйып, жүріс-тұрысымен үлгі бола білуі, бауыр еті балаларын сеніп тапсырған ата-аналардың зор сенімін ақтап, күш-жігерін аямастан қызмет етіп, мектеп беделін арттыра түсуі тиіс”, – дейді ол өзінің ізін басып келе жатқан әріптестеріне.
Мектеп ұжымы қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздықтың ауыр жолында Жанат Қажыбатырұлының жеткен жетістіктерін мақтаныш етеді, өйткені, оның білім ошағының өркендеуіне қосып жүрген үлесі өлшеусіз.
Гүлдария САБЫРОВА,
Сырымбет орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Айыртау ауданы.
