«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ БЕДЕЛІ АРТАДЫ

Тарих толқынында талай тұлғалар еліміздің көшін ілгері бастап, кең-байтақ жеріміздің амандығы үшін аянбай күресті. Еліміздің маңдайына бақ болып туған әр заманның саңлақтары өз ғұмырын осылайша халыққа қызмет етуге арнады. Осы жолды ерекше болмысы, салиқалы саясаты мен асқан көрегендігінің арқасында абыроймен жалғап келе жатқан тұлға – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.

Ел дамуының бағыт-бағдарын бағамдап, сын-қатерлерге төтеп берудің жолдарын айқындайтын жыл сайынғы Жолдауы – тарихи құнды құжат. Мемлекет басшысының биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы соның тағы бір дәлелі. Қоғамның ілгерілеуіне зор ықпал ететін білім саласының мамандарын алаңдатқан мәселелердің де өзегін тарқатты. Қай заманда да ұлылықпен бір дәрежеде тұратын “ұстаз” есімі кезіндегі құндылығынан айырылып қалғаны жасырын емес. Елбасымыздың ұстаз беделін қайта қалпына келтіру үшін арнайы заң жобасын әзірлеуді тапсырғаны біздің жүрегімізге үміт отын сыйлады. Бұл заң көп мәселені шешеді. Алдымен, ұстаздарды “барып кел, шауып келге” пайдалануға тыйым салынып, негізгі қызметімен айналысуына мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаев жүрегі қалаған мамандыққа емес, тегін білім алуды ғана көздеп, кез келген оқуға түсе салған жастарды да сынға алды. Мемлекет есебінен білім алған сан саланың мамандары артқан үмітті ақтамай жатқандығы өмір шындығы. Алдағы уақытта әрбір жастың мамандық таңдар алдында мұқият ойланып, өкінішті қадамға бармауына бағыт беру жұмысы жолға қойылады деген сенімдемін.

Елбасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру әдістемесін өзге мектептерге енгізуді жалғастыру керектігін айтты. Бұл бастама орта білім беру саласына үлкен серпіліс әкеліп, өз кезегінде, бәсекеге қабілеттігімізді арттыруға мүмкіндік жасайтын заманауи мамандардың қатарын көбейтеді.

Бақытжан ТҰРСЫНОВ,

Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp