Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы. Осынау мәртебелі мамандықтың үздігі атанып, өзінің ұстаздық жолында талай жүйрік шәкіртті қияға самғатқан еңбек ардагері Қымбат Исманова – өз ортасына сыйлы жандардың бірі.
Ол Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылында көпбалалы отбасында туып-өскен. Қымбат Есмұқанқызының анасы – Ырысты он алты құрсақ көтерген. Отағасы Есмұқан атамыз қызы өмірге келгенде азан шақырып, есімін Бақытжан деп қояды. Сәбидің құжаттарын жасату үшін тиісті мекемеге барғанда ол жерде отырған құрдасы: “Бұл сенің ұлдарыңнан кейін сағындырып туған қызың ғой. Оның сен үшін қандай қымбат екенін түсінеміз. Сондықтан есімін Қымбат деп қойғаның дұрыс”, – деген ойын айтады. Отағасы құрдасының сөзін жерге тастамай келісімін береді.
Бірнеше ұлдан кейін туған қыздарын ата-анасы шексіз мейірімге бөлеп, алақандарына салып, аялап өсіреді.
– Менің балалық шағым әлі есімде. Алдымдағы біраз бауырларым ерте шетіней берген соң ба, әйтеуір әке-шешем қатты сөйлемей, жүрекке жылылық арқылы жол тауып, мәпелеп ержеткізді. Ерке болдым, бірақ ақылы мен даналығы жарасым тапқан ата-анам еркіндікке жіберген емес. Қазақы ұлттық салт-дәстүрден сусындатып, жақсы әдет, өнегелі сөздерімен үлгі бола білді, – дейді балалық шағын сағына еске алған Қымбат апа.
Ауылда өсіп, қалада өркен жайған кейіпкеріміз мектепті тамамдаған соң Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, географ мамандығы бойынша диплом алып шығады. Мектепте, кейін жоғары оқу орнында да үздік оқыған Қымбат Есмұқанқызына жас маман ретінде Шымкент қаласына баруға немесе Алматыда қалуға ұсыныс түседі. Бірақ ол туған елге оралады. Еңбек жолын Есіл ауданының Қарағаш орта мектебінен бастаған.
– Жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарадым. Өзім таза қазақ ауылында өскендіктен, басында тіл жағынан қиналдым. Сондықтан да сабаққа барымды салып дайындалып, түннің бір уақытына дейін кітап оқып, білімімді жетілдірумен болдым. Ең бастысы, жақсы жұмыс істеп, ата-анамның үмітін ақтауға тырыстым, – дейді зейнеткер ұстаз.
Отағасы Қайыркеш Исманұлы кеңес, партия органдарында қызметкер болған. Бүгінде бақилық болған жұбайын жылы сөздерімен еске алған зайыбы оның азаматқа тән қасиеттерін айтып, қарапайым мінезіне тоқталды.
– Әр шаңырақта әкенің орны бөлек. Отбасымыздың ұйытқысы, берекесі болған Қайыркеш Исманұлы қарапайым, адал адам еді. Өзінде болмаса да, өзгеге көмектескісі келіп тұратын. Асқар тауымыз, тірегіміз болған отағасы өмірден өтсе де, ол туралы естеліктер естен кетпейді, – дейді жұбайы жайында әңгіме қозғаған Қымбат апа.
Құдай қосқан қосағының жақсы мінезін, өнегелі өсиеттерін балаларына, немерелеріне үлгі ету үшін Қымбат Есмұқанқызы “Азамат келбеті” атты кітап жазған. Саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған қазыналы қария 2012 жылы “Дөңгеленген дүние-ай!” деген шығармашылық жұмысының да тұсауын кескен. Бала тәрбиесінің дамуына сүбелі үлес қосқан білікті маман зейнет демалысына шықса да бос отырған емес. Ол жақында өзінің “Тоқта, балам, ойлан, оян!” атты үшінші кітабын тамадапты.
Жұмысымен қатар, үй шаруасын да дөңгелетіп, бәріне уақыт таба білген Қымбат апа Совет, Бейбіт есімді екі ұлға өмір сыйлаған. Тұяқ жалғастарын қазақы қалыпқа салып, ұлттық үлгіде тәрбиелей білген өнегелі ата-ана.
Бүгінде ұлдары ержетіп, ел болашағы үшін еңбек етіп жүр. Олардың өз отбасы, бала-шағасы бар. Тұңғыш ұлы Совет зейнет жасында болса, кенжесі Бейбіт – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы. Шаңырақтың шаттығы болған отанасын мейірім шуағына бөлеп, оның барлық жағдайын жасауға тырысып баққан ұлдары, келіндері, немерелері осы күнге жеткізген ақ жаулықты анаға шексіз риза.
– Қашанда жүзіне қуаныш ұялаған, кеңпейілді, қазыналы қариямыздың біз үшін орны бөлек. Әрдайым тәрбиеге терең мән беріп, еңбек еткенде қолға алған ісіңе үлкен жауапкершілікпен қарауды үйреткен ақ жаулықты әжеміздің өмірі – біз үшін өнеге, – дейді Қымбат апамен бірге тұратын үлкен немересі Темірлан.
Күні кеше ғана жетпіс беске келген Қымбат апа – бес немеренің аяулы әжесі. “Өмірде адал жүрсең, әрқашан алдыңнан жақсылық шығады” деген қағидаға сүйенген зейнеткер ұстаз асыл жар, аяулы ана, ақылшы, қамқор бола білген әженің арманы – ел тыныштығы.
– Елбасымыздың бүгінгі жүргізіп отырған саясаты кең-байтақ Отанымыздың одан әрі дамып, гүлденуіне оң әсер беруде. Әсіресе, отбасы құндылықтарын сақтап, оларды келер ұрпаққа мирас ету үшін істеліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін көргенде қалай ғана қуанбайсың?! Олардың бірі – “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы. Олай болса жастар жағы сындарлы саясатты жақсы түсініп, ортақ мақсаттың орындалуына сүбелі үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді зейнеткер ұстаз.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.