«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ МҰРАТЫ — ІЗДЕНІС

Облыс орталығындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласпаеваның күнделікті өмірі қарбаласқа толы. Алайда, Жанар өз таңдауына, ұшы-қиыры шексіз білім-ғылым саласында қызмет етіп жүргеніне ешқашан өкінген емес. Өйткені, оны ұстаздық жолға ата-анасы салған болатын.

Өңір ғылымының дамуына білім-білігімен үлес қосып жүрген Жанар Серкешқызы – Шал ақын ауданындағы Социал ауылының тумасы. Ауылдың тамылжыған әсем табиғаты, сылдырап аққан ерке Есіл оның жанының да, сөзінің де сұлу болып қалыптасуына ықпал етсе керек. Оның үстіне ұстаздар шаңырағындағы өзге отбасылардан бөлек тәлім-тәрбие оның өнегелі, қайырымды, зерек, қамқор болып өсуіне әсер етті. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік танытуды өне бойына бала күнінен сіңірген ата-анасы жайында:

– Әкем Серкеш – өзінің саналы ғұмырын білім саласына арнаған адам. Көп жылдар Социал, Балуан, Өрнек ауылдарындағы орта мектептердің директоры болып қызмет атқарды. Анамның есімі – Тиыштық. Ол да өмір бойы шәкірт тәрбиелеумен, бала оқытумен айналысты. Биология, химия пәндерінен сабақ берді. Шешем қара сөзге де, өлеңге де қара жаяу емес еді. Әсіресе, қазақтың ауыз әдебиетінің үлгілері – жыр-дастандарға, аңыз-әңгімелерге өте жақын болды. Абайдың, Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа айтатын. Өзін толғандырған тақырыптарға табан астында өлең шығаратын қабілеті болды. Бір әңгімені айтқанда мақалдап, мәтелдеп, көркем жеткізетін, – дейді Жанар Серкешқызы.

Оның болашақ мамандығын қазақ тілі және әдебиеті саласымен байланыстыруы да кездейсоқ емес. “Журналист, тіл маманы болу арманым болды. Менің орындалмаған ойымды енді сен жүзеге асыр”, – деген ананың қызына айтқан ақылы Жанарды Семей педагогикалық институтына қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсуге итермеледі. Ол университетте оқып жүргенде де оқытушыларының мақтанышы, қатарластарының үздігі бола білді. Үнемі оқу ордасындағы іс-шаралардың басы-қасында жүріп ысылған талапты жас университетті үздік тамамдап, туған өңірге оралды. Ол оқу бітірген жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде (бұрынғы Ушинский атындағы педагогикалық институт) қазақ тілінің мамандары өте тапшы болатын. Университет басшылығы жас кадрды қуана-қуана жұмысқа қабылдайды.

Жұмысқа орналасқан күннен бастап жас маман алдына зор мақсаттар қойды және сол армандарға жетудің жалғыз жолы тынымсыз еңбек екенін түсінді. Студенттерін білім нәрімен сусындату, шәкірт тәрбиелеу істері де тәжірибесінің толысуына септесті. Жанар Серкешқызы ғылым жолындағы ізденістің осымен тоқтап қалмайтынын біліп, 1994 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасына оқуға түседі.

Аспирантурада оқып жүргенде өмірлік жарын жолықтырып, шаңырақ құрады. Тұңғыш ұлының өмірге келуі де ол үшін ұмытылмас сәт.

– Әлі есімде. Күні бойы нәрестемнің күтіміне көңіл бөліп, түздегі азаматымның ас-суын дайындаймын. Сағат тілі түнгі он екіні көрсеткенде жұмыс үстеліме жайғасып, ғылыми еңбегімді жазуды бастайтынмын. 1999 жылы кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым. Бұл еңбегіме ғылыми жетекшім болған филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиевтің қосқан зор үлесін айтпай кетуге болмас, – дейді ол.

Жанар Серкешқызына бұл қадамы еңбек жолындағы жемісті жетістіктердің бастауы болғаны анық. Алда оны әртүрлі басшылық қызметтер күтіп тұрды. 2000-2005 жылдары СҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 2005 жылдан бастап СҚМУ жанындағы Тіл және әдебиет институтының директоры. Осы уақыт аралығында ғалымның қазақ тілінің стилистикасы, когнитивтік лингвистика, лингво-мәдениеттаным, қазақ тілінің орфографиясы, көркем шығарма мәтініне филологиялық талдау бағытында 100-ден астам ғылыми мақалалары мен бірнеше кітаптары жарық көрді. Жанар Серкешқызының ойы мен қаламынан туған “Өлең өрнектері”, “Қазақ орфографиясының мәселелері”, “Қазақ тілінің стилистикасы” сынды зерттеу кітаптары бүгінде өңіріміздің ғана емес, республикамыздағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері үшін таптырмас оқу құралы болып отыр.

Отбасы мен ғылымның тізгінін қатар ұстаған Жанар Серкешқызы – бүгінде екі баланың анасы. Ұлы Төлеген Алматыдағы медициналық университетте оқиды. Қызы Ділназ – Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің оқушысы.

– Үйде жақсы жар, аяулы ана деген атқа лайық болып, жұмыста іскерлік қабілетті көрсете білу оңай емес. Кез келген әйелдің өмірінде қиындықтар, кедергілер кездеспей қоймайды. Ол қиындықтардың көбі әйелді қалжыратады, шаршатады. Міне, сол кезде әйел адам шыдамдылық пен сабырлылық танытуы керек. Көзімнің ағы мен қарасындай болған балаларымның амандығы, олардың әрбір жеткен жетістігі маған ерекше күш-қайрат береді”, – дейді ол.

Жанар Серкешқызы жұмыстан қолы қалт еткенде газет-журналдар, кітаптар оқып, рухани әлемін байытуға баса мән береді. Өйткені, ол ізденістің, оқудың адамды тек кемелдікке жеткізетінін, кемелдіктің пенделік осал қасиеттерден іргені аулақ салуға жетелейтінін біледі.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp