Бастауыш сыныпта ана тілі сабағына қызығушылық танытсам, қазіргі сүйікті пәнім – қазақ тілі мен әдебиеті. Менің ойымша, бұл пәннің құдіреттілігі сонда – өз ана тіліңді терең меңгеру арқылы ұлтыңның тарихы мен салт-дәстүрінен нәр алып, бойыңа білім мен тәрбиені бірдей сіңіресің. Білім ордасында өтетін үйірмелерге қатысып, өз білімімді шыңдап жүрмін. Жақында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқаудан жеңіспен оралдым. Осы ретте ұстазым Жанар Әбілованың еңбегіне алғыс айтқым келеді.
Барлығымыз білетіндей, биыл өзіміз сүйіп оқып, өлеңдерін жатқа білетін Абай Құнанбаев атамыздың туғанына 175 жыл толып отыр. Осыған орай қазақтың бас ақынының құнды мұрасын бүгінгі ұрпаққа насихаттау бағытында ауқымды шаралар қолға алынуда. Алматы қаласында “Абай жаққан бір сәуле” атты қарасөздеріндегі афоризмдерді талдауға қатысты олимпиада өтеді дегенді естігенде, бірден бағымды сынағым келді.
Ұстазым Жанар Жәметқызы аталған байқауға қазақ тілі мен әдебиеті шеберханасына қатысатын үш оқушысын дайындады. Жетінші сыныпта оқитын Еркежан Түлекеева мен 11-сынып оқушысы Диас Аяған үшеуміз бірге дайындалып, тынбай іздендік. Бұл үшін, ең алдымен, Абай атамыздың қарасөздерін оқып, оның ішіндегі афоризмдерді іріктеп, жаттадық, бірге талдадық. Әр сабақ сайын ұстазымыз афоризмдердің қай қарасөзден алынғанын сұрап, есте сақтау қабілетімізді арттырмақ болды.
Осылайша, ақпан айында “Мәңгілік елдің жастары” қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық байқауға үш оқушысын сәттілік тілеп шығарып салды. Абырой болғанда, үшеуміз де жақсы өнер көрсетіп, үздіктердің қатарынан табылдық. Диас Аяған екеуміз бірінші орынды жеңіп алсақ, Еркежан үшінші орынды иеленді. Біз үшін ұстазымыздың сенімін ақтағанымыз – жеңістен де қымбат. Байқауға қатыса отырып, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болсам деген арманымның анық екенін түсіндім. Мұндай сайыстар оқушыларды шыңдап қана қоймайды, өмірден өз орнымызды тауып, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік береді. Өйткені, бұл жеңіс алдағы уақытта одан да биік жетістіктерге жетелейтініне сенімдімін.
Жібек АЛЕЙДАР,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 5-сынып оқушысы.