Ұстаздық жолымен көп адамның өмірінде ұмытылмас із қалдырған жандардың бірі – Әшкен Хамзин.
Әшкен Хамзаұлы қалың қазақ даласын аштық жайлаған нәубет жылдары қазіргі Шал ақын (бұрынғы Октябрь) кейін талай жылдар Сергеев атанған ауданға қарасты Жаңаталап ауылында 1931 жылдың наурыз айында дүниеге келген. Жарты әлемді шарпыған Екінші дүниежүзілік қанқұйлы соғыстың алдында туған құрбылары сияқты балалықтың бал дәуренін бастан кешіре алмаған Әшкен Хамзаұлы буыны бекіп, бұғанасы қатпастан еңбекке араласты. Өзі қатарлы балалармен бірге өгіз айдап, жер жыртты. Еңбек десе ерінбейтін өрім өрен қай жерде жұмыс қолы қажет болса, содан табылды. Жастайынан алғыр, білімге, оқуға деген құлшынысы мол балаң жігіт Ленин орта мектебін тамамдап, Қызылжар қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын аяқтаған соң білімін одан әрі жалғастыруды ұйғарып, облыс орталығындағы мұғалімдер институтының физика-математика факультетінің студенті атанады. Алайда, тұрмыстың қиындығына байланысты оқуын толық аяқтай алмаған ағамыз ұстаздық еңбек жолын Кеңес орта мектебінде физика, математика пәндерінің мұғалімі болып бастайды.
Балғындарды білім нәрімен сусындата жүріп, айтарлықтай тәжірибе жинақтаған білікті ұстаз қызметін Қаратал, Жаңажол, Социал орта мектептерінде жалғастырып, оқу ісінің меңгерушісі дәрежесіне дейін көтеріледі.
Аудандық оқу бөлімінің басшылары Әшкен Хамзаұлының білімі мен біліктілігін, іскерлігін, жоғары ұйымдастырушылық қабілетін ескере отырып, директорлық қызметті тапсырады. Осы салада ұзақ жылдар табан аудармастан абыройлы еңбек еткен ол өз бойына сан алуан қасиетті дарытқан бесаспап, білікті маман, тәлімгер ұстаз бола білді. Осы қызмет жолында ол, ең алдымен, өз ісіне шын беріліп, бүкіл ұжымның тіршілік-тынысының тамырын тап баса білді, қиын жағдайда ұтымды ойларымен дараланып, ұстаздар мен оқушылар қауымын өнегелі ісімен сүйсіндіріп, қажет жерінде ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеп отырды. өзі жүргізетін пәнді терең меңгерген балаларды әсерлі әңгімесімен тарта, қызықтыра білетін шебер ұстаз үнемі оқумен, ізденумен болды. өзі ғана біліп қоймады, көрген-түйгенін ізін басып келе жатқан кейінгі жастарға үйретіп отырды. Еңбек-сүйгіш ұстазды шәкірттері де, қызметтес жолдастары да мақтаныш ететін. Жібек мінезді, ашуланудың не екенін білмейтін, алайда, турашылдығымен, әділдігімен өзгелерден ерекше дараланып тұратын білікті маманның көпжылдық атқарған адал қызметі лайықты бағаланды да. «қазақ КСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңестердің бірнеше мәрте депутаты болып сайланып, мектептің партия ұйымын жиырма жылдан артық басқарды.
Өз ісіне шынайы да адал беріліп, халқына қалаулы, еліне елеулі бола білген Әшкен Хамзаұлы Құдай қосқан қосағы – Мәриям Әбілмәжінқызымен елу жыл отасып, бес бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де жоғары білімді, өз алдарына жеке-жеке бір шаңырақ. Үлкен ұлы Асқар, қыздары Әсем, Жұлдыз, Құралай әке жолын қуып, балауса балғындарды білім нәрімен сусындатса, Асхаты Аққайың ауданына қарасты Смирнов ауылдық округі әкімінің орынбасары, Азаматы осы ауданда мемлекеттік кірістер басқармасында бөлім басшысы.
Әшкен Хамзаұлы өзінің ұзақ жылғы ұстаздық еңбек жолында қаншама өрім өрендерге сапалы білім, саналы тәрбие бергенін ерекше жылы лебізбен атап өткен жөн. Осы ретте ұстаз алдынан оқыған барлық шәкірттерді атап өтпесек те, ынталы оқушыларының үштөртеуін тілге тиек ете кетейін. Білікті де білгір ұстаздың алдын көріп, білімнің бал шырынымен сусындаған Қадыр Ахметов – тарих ғылымдарының докторы, Қабжан Елемесов – полиция полковнигі, Сапар Ахметов – “Нұр Отан” партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Күлтай Жандосова – есімі республикаға әйгілі мұғалім, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі. Тағы да көптеген шәкірттері егемен еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етуде.
Артына өлмес те өшпес із қалдырған білікті де білгір ұстаз, ардақты ата, асыл жар, асқар таудай әке – Әшкен Хамзиннің жарқын бейнесі әке аманатын адал арқалап жүрген ұрпақтарының алдында асқақтай берері хақ.
Жанат СӘБИТОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.