«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАНЫМЫМЫЗ – ҰЛТТЫҚ ҮЛГІ

Гендерлік теңдік дегеніміз не? Оның түпкі мақсаты қандай? Гендерлік саясат мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттаудың жолдары қандай? Осы сынды мәселелер 15-16 мамырда Астана қаласында “Масс-медиа кәсіби бірлестігіндегі гендерлік сезгіштіктің үлгісі” тақырыбында өткен семинар-тренингте қозғалды. Оны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы даму бағдарламасы ұйымдастырды.

Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілген. Стратегия – мемлекеттің гендерлік саясатын жүзеге асыруға бағытталған негізгі құжат, ол мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан мониторинг жүргізуді іске асырудың құралы және демократия құрудың маңызды факторы болып табылады. Стратегия билік құрылымындағы әйелдер мен ерлерді теңдестіруді қарастырады. Оларға экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бойынша өсу, білім беру саласында гендерлік білімді енгізу, өмір сапасын арттыру және тұрғындардың ұдайы өсімін қамтамасыз ету үшін жасөспірімдер мен әйелдердің, ерлердің репродуктивтік денсаулығын нығайту мен сақтау, жынысына қарай зорлық-зомбылық көрсетпей, отбасындағы міндеттер мен құқықтарды тең дәрежеде жүзеге асыру үшін жағдай жасау жатады.

2007 жылдан бері Қазақстанда гендерлік бағдарламаға Білім және ғылым министрлігі ұсынған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқу құралдары және балалар кітаптары енгізілген. Жоғары оқу орындарында да гендерлік пәндер оқытылып келеді. “Құқықтану”, “Халықаралық құқық”, “Халықаралық қатынас”, “Саясаттану” және “Әлеуметтану” мамандықтарының оқу бағдарламасында гендерлік аспектілер қарастырылуда. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында гендерлік сезгіштікті арттыру бойынша жұмыс жүйеге қойылмаған. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдарында патриархалдық және қоғам мен отбасындағы әйел мен ердің міндеттері мен рөліне қатысты терең тамыр жайған ескірген таптаурын көз-қарас сақталған. Бұл өз алдына әйелдердің еңбек нарығында мамандықты таңдауына, елдің саяси және қоғамдық өмірінде белсенділік танытпауына тікелей әсер етпей қоймайды, дейді семинар-тренингті ұйымдастырушылар.  

Семинартренингтің мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарындағы гендерлік таптаурынды жою үшін журналистердің гендерлік білімін көтеріп, әйелдердің жағымды бейнесін насихаттаудағы белсенділігін арттыру болып табылады. Оған республиканың барлық облыстарынан 30-дан астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Гендерлік теңдікті көпшілігіміз отбасында әйел мен ер міндеттерінің теңдестірілуі, әйелдің ошақ қасында жүргізетін үй шаруашылығын ер адам қалай атқарса, нәзік жанды да отағасының міндеттерін солай атқаруы тиіс деп қабылдаймыз. Әйел мен ер адамның құқықтары теңдестірілсе, онда қазақтың дүниетанымында сан ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру салтының жазылмаған ережелерінің мәні жойылып, ұлттық құндылықтарымыздың көрінісі болып табылатын отбасының құрылымы бұзылатындай көрінетіндігі де жалған емес. Бірақ елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясаттың түпкілікті мақсаты гендерлік саясаттың ұлттық үлгісін қалыптастыру болып табылады. Ал оған қол жеткізудің жолы қандай?

Бұл сұраққа жауапты қатысушылар семинар-тренингті жүргізген Скандинавия академиялық мобильдік институтының директоры, Балтық тренинг орталығының директоры, Санкт-Петербург мемлекеттік психология институтының әлеуметтік қызмет және әлеуметтік ғылым кафедрасының доценті Элина Ванхемпинг ханыммен бірге іздестірді. Семинардың алғашқы күні “гендер” сөзінің түпкілікті мағынасына үңілдік. Тренинг барысында еліміздің әр өңірінен келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесе, қазіргі отбасын суреттейтін шағын қойылым ұсынылды. Мұның барлығы әйел мен ердің міндеттерін еуропалық үлгідегі отбасының көрінісінде талқылауға, қазіргі таңда еліміздегі отбасылық құндылықтардың құлдырау үдерісінің негізгі себептерін анықтауға жол ашқаны анық.

Қарапайым мысал. Жас отбасы. Отбасыда екі бала тәрбиеленуде. Күйеуі қызметте, ал әйелі отбасында бала бағып отыр. Екеуінің де білімі жоғары. Сондықтан да әйелі күйеуі сынды қызмет етіп, өзін тұлға ретінде қалыптастырып, қоғамда өз орнын тапқысы келеді. Бұл мәселені шешудің жолдары қандай? Ойланарлық сауал. Әдетте мұндайда әйел үйде отырса, күйеуі жұмыс істейді. Бірақ қазіргі таңда керісінше, күйеуі үйде балаларды бағып, ал әйелі болса қызмет етіп, отбасын асырап отырған мысалдар жеткілікті. Жалғызбасты аналар сияқты, жалғызбасты әкелердің де көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Бұрындары көпшілік қоғамдағы мұндай өзгерістерге тосырқай қараса, қазіргі таңда оны қалыпты жағдайдай деп қабылдай бастағаны байқалады.

 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp