Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың екінші сессиясы өтіп, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты. Онда халық қалаулылары назарына 2016-2018 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу, 2015-2017 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күрес стратегиясы және 2020 жылға дейінгі кешенді энергия үнемдеу жоспары мәселелерін талқылады.
Өңірдің 2016 жылға арналған бюджетін нақтылау туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов баяндама жасады.
– Нақтыланған болжам бойынша қосымша түсетін қаржы көлемі 2 млрд. 390 млн. теңге болды. Сонымен қатар, Петропавл қаласы бюджетіне берілген 500 млн. теңге көлеміндегі трансферттер қысқартылды, – деді басқарма басшысы.
Бұл қаржы тұрғындардың кейбір санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтуға, төрт білім беру нысанының құрылысын аяқтауға, кәсіпкерлік пен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, комбайндар сатып алуға, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыруға бағытталмақ.
Сессия барысында депутаттар 2015-2017 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күрес стратегиясын, 2016-2020 жылдарға бағытталған кешенді энергия үнемдеу жоспарын да бірауыздан мақұлдады.
– Энергия үнемдеудің кешенді жоспары бойынша облыстың кәсіпорындары мен мекемелері бұл мақсатқа бес жыл ішінде 47,8 млрд. теңгеден астам қаржы бөлуді көздеп отыр. Жалпы энергетикалық кәсіпорындар 23,7 млрд. теңге бағыттамақ. Осы орайда қолға алынатын шаралар – қондырғыларды энергиялық жағынан тиімділеріне ауыстыру, энергия аудитын өткізу, ауыл шаруашылығы саласында энергия сақтайтын әдістер қолдану болып табылады, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Павел Шилов.
(Өз тілшіміз).