Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нұрлан Жахин облыстық білім басқармасының алқа отырысына қатысушыларды аталмыш ведомствоға және Қызылжар, Мамлют аудандарындағы білім бөлімдерінің қызметтеріне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың қорытындысымен таныстырды. Басқарма мен аудандық бөлімдердің қызметін қамтамасыз ететін салалық заңнамада бірқатар жемқорлық тәуекелдері, оның ішінде нормативтік-құқықтық актілердің бір-біріне сәйкес келмейтіндігі, олардың толық жетілдірілмегендігі анықталған.
– Мәселен, орта білім беру мемлекеттік мекемелерінің басшылық лауазымына орналасуға конкурсқа қатысу үшін заңнамаға сәйкес, үміткерлердің біліктілігі облыстық білім басқармасымен келісілуі тиіс. Ережеде бұл үдерістің жүзеге асырылу тәртібі көрсетілмегендіктен, нормативтік-құқықтық актілерді әркім өз түсінігі бойынша қолдануы мүмкін, – деді Нұрлан Жахин.
Сондай-ақ, басқарма мен кәсіптік-техникалық, ортадан кейінгі білім беру ұйымдары, аудандық білім бөлімдері көрсететін 13 мемлекеттік қызмет түрінің стандартында қызметтен бас тарту негіздемесі көрсетілмеген. Бұл Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Заңын тікелей бұзушылық болып саналады және қызмет көрсету кезінде жемқорлық тәуекелдерінің туындауына жағдай жасайды.
Талдау нәтижесі бойынша – 34, оның ішінде нормативтік-құқықтық акт бөлігінде – 6 және ұйымдастыру-басқару қызметі мәселелеріне 28 ұсыныс енгізіліп, іс-шаралар жоспары бекітілді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова әріптестеріне аталған ескертулерді жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және оның шектеулерін мүлтіксіз сақтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Солтүстік Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің инспекторы Светлана Зайцева қатысушылардың назарын осы саладағы жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауда елімізде қолданылып жатқан шараларға аударып, арнайы бейнероликтер көрсетті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан
облысы бойынша департаментінің
баспасөз хатшысы.