Жуырда барлық аудандық жұмыспен қамту орталықтарында мемлекеттік қызмет көрсету барысында әкімшілік кедергілерді анықтау мақсатында қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірлесіп «Құпия сатып алушы» әдісімен мониторинг жүргізілді.
Оның барысында Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың жұмыспен қамту орталықтарының мамандары мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек көрсету бойынша толық кеңес берді. Ал Ақжар, Аққайың, Тимирязев аудандық жұмыспен қамту орталықтарында «құпия сатып алушылардан» бұл қызмет түрін алу үшін артық құжаттар сұралған. Уәлиханов аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы телефон арқылы қойылған сұраққа жауап бермей, өтінішті орталыққа келіп беру қажеттігін айтқан. Мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді түзету үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық депртаменті аудандық жұмыспен қамту орталықтарына ұсыныс хаттар жолдады.
«Құпия сатып алушы» әдісімен қоғамдық мониторинг жүргізу барлық әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді қамтып, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алады.