«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰШҚАН ҰЯМА ОРАЛДЫМ

Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия – қаламыздың қақ төрінде орын тепкен қарашаңырақ. 20 жылға жуық тарихы мен дәстүрі қалыптасқан аталмыш оқу орнында мен 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, жоғары білім алғаннан кейін мұғалім ретінде оралдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Алдыңғы буын ағалар Ерік Нұрпейісов, Күлбаршын Есмұқанова, Орал Шаумекенова сынды ардагер ұстаздарымыздан үлгі-өнеге алу – үлкен абырой. Қазақ дәстүрінің қаймағы бұзылмаған аталмыш білім ордасында дәл осындай ұстаздардың бар екендігі барлық гимназия ұжымы үшін зор мақтаныш. “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады” демекші, мақтаныштарымыз оқушыларына білім деген алып теңіздің тұңғиығынан нәр алдырып, өз пәндерінің қыры мен сырын меңгертіп, еліміздің нағыз патриот азаматтарын тәрбиелеген. Білім саласында 40 жылдай еңбек еткен үш ұстазымыз 20 жылын Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға арнады. Олардың еңбектерін ақтап, талай-талай бәйгелерден жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып келген шәкірттері де аз емес. Жеткен жетістіктері, бағындырған асулары мол ұстаздарымның жас мұғалімдердің біліктілігін көтеруде қосып жүрген үлесі зор. Бүгінгі жас мамандардың бірі өзім де мектеп табалдырығын ұстаз ретінде алғаш аттаған мезеттен бастап, “тәте”, “ағай” деп барғанымда қабақ шытпай, жылы шыраймен қарсы алып, өздерінің орасан зор тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік мектебін көрсетті. “Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі” деген Ыбырай Алтынсариннің сөздерін сана-сезіміме жеткізіп, жүрегіме ұялатудың бірден-бір себепкері де осы ардагер ұстаздар болды. Содан да болу керек, мен Ерік ағайдың жүрегінің кеңдігін ұлан-ғайыр сайын далаға теңесем, Күлбаршын Көлденқызы мен Орал Қабдолқызын дала төсінде өсіп тұрған гүлге балаймын. “Жақсы мұғалімдер жақсы оқушыларды жасайды” демекші, ұстаздарымның сара жолын жалғастыра отырып, оларды кәсіби мерекемізбен құттықтағым келеді.

Әйгерім ЖАНТАЕВА,

С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp