«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰШҚАН ҰЯМ

Қызылжар өңірінің қасиетті қарашаңырағы – “Soltústik Qazaqstan” газетінің 100 жылдық мерейтойы – облысымыздың қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға.

Газет редакциясының көптеген журналистері әрдайым әділдік пен шындық туын көтерген, ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтау жолында аянбай еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері деңгейіне көтеріле білді. Шығармашылық ұжым, әсіресе, еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында ұлттық рухани құндылықтарымызды қалпына келтіріп, қайтадан өркендету ісіне өлшеусіз үлес қосты. Газет беттерінде қазақ мектептері мен балабақшаларын, драма театрын ашу, елді мекендер мен көшелердің жаңа заманға сай келмейтін ескі атауларын өзгерту қажеттігі жайлы мақалалар жиі жарық көріп қана қоймай, осындай оң өзгерістерді нақты іске асыруға редакцияның белгілі қызметкерлері белсене атсалысып, биік азаматтық ұстанымдарын танытты.
Мен өзімнің журналистік қызметімді кешегі “Ленин туы” – бүгінгі “Soltústik Qazaqstan” газетінің редакциясында бастағанымды мақтан тұтамын. Қатардағы тілші және шығармашылық ұжымның бірінші басшысы болған 12 жылым – өмірімдегі ең қымбат кезең, қаламгерлік және азаматтық шыңдалу мектебім деп санаймын.
Қазіргі ұшқыр ақпараттық технологиялар заманында да “Soltústik Qazaqstan”-ның мән-маңызы еш кемімейді. Өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінің айнасы әрі шежіресі болып қала береді. Газет оқырмандарының санын оның қағаз нұсқасының таралымымен санау – күні өткен көзқарас. Өйткені, газеттің электронды нұсқасын қалт жібермей қарап отыратын оқырмандар саны әлдеқайда көп. Солардың арасында бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында қызмет істеп жүрген мен де бармын.
Ұшқан ұям – “Soltústik Qazaqstan” газетінің шығармашылық ұжымы мен оқырмандарын сүйікті басылымымыздың ғасырлық мерейтойымен құттықтаймын!

Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp