«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰҚСАТА АЛМАҒАН ҰТЫЛАДЫ

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегманов жергілікті тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізіп, оған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Өз есебінде Асқар Бегманов әр саланың дамуы жайлы баяндап, үстіміздегі жылғы жоспарларымен бөлісті. Аудан ауыл шаруашылығы саласында жақсы нәтижелер көрсетіпті. Аудан әкімі мал шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жайлы әңгімелеп, “Таман” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 100 бас қазақтың ақ бас сиырын, ал “АКСА-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 150 бас симменталь тұқымын өсіруге арналған асылтұқымды мал шаруашылықтары құрылғанын, “Возвышенка” шаруа қожалығында 500 басқа шақталған бордақылау алаңы ашылғанын айтты.

Үстіміздегі жылы ауданда 29 тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Булаево қаласында 18 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.  

– 2015 жылы құрылыс ұйымдары 6 ауылда су тарату желісін қайта жаңғырту жұмысын жалғастырды. 2016 жылы төрт жобаны аяқтау үшін 27 миллион теңге көлемінде трансферт бөлінді. Үстіміздегі жылы өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендердегі жолдарды ағымдағы жөндеуге 24 миллион теңге қаржы бөлінбек, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, аудан әкімі тұрғындарға Возвышенка – Ұзынкөл жолын және Возвышенка-Молодогвардейское, Қарақоға-Надежка, Булаево-Возвышенка жолдарындағы учаскелерді салқын ресайклендіру әдісін қолдана отырып ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге облыс бюджетінен қаржы бөлінгендігін жеткізді.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауданда өткен жылы 8 ағаш және 2 пластикалық хоккей корты салынып, пайдалануға берілген. Үстіміздегі жылы ауыл мектептері базасында спортқа дарынды балалардың бірлестігін ашу жоспарланып отыр.

Өңір басшысы Ерік Сұлтанов ауданда ауыл шаруашылығын дамытудың әлі де іске қосылмаған мүмкіндіктері мол екеніне назар аударды. Бұл сын “Құлан”, “Алтын Асық” бағдарламаларын орындауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде, негізгі капиталға салынған инвестицияның 48 пайызға қысқаруына қатысты айтылды.

– Мағжан Жұмабаев ауданы бойынша қайта өңдеу картасына бір ғана жоба енді, оның өзі жұмыс істеп жатқан өндірісті кеңейтуді көздейді. Қолда бар 10 диірменнің жетеуі ғана жұмыс істеп тұр. Етті қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорынның біреуінің жұмысы екі жылдан бері тоқтап тұр. Аудан әкімі тоқтап тұрған кәсіпорындармен тиісті жұмысы атқарып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін қолда бар мүмкіндікті қарастыруы қажет. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар тетігін белсене пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің әрқайсысымен жұмыс істеу керек, – деді Ерік Сұлтанов.

Сондай-ақ, өңір басшысы екінші бесжылдықтың Индустрияландыру картасына жаңа жобаларды қосу мүмкіндігін қарастыруды, салықтық әкімшілік бойынша жұмысты күшейтуді, экономиканың нақты секторында еңбекақыны көтеруді, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуды, жылжымайтын мүлікті жария етуге байланысты насихаттық және түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

Аудан тұрғындары облыс әкіміне жол жөндеу, мамандандырылған жол техникасын алу, ағынды су арналарын қалпына келтіру, Булаево қаласында жас отбасыларға арналған тұрғын үй мен колледжге жатақхана салу жөнінде сұрақтарын жолдады.

Осы күні облыс әкімі жергілікті тауар өндірушілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесімен танысқаннан кейін “Низкоцен” сауда орталығында болды. Аталмыш сауда үйін “Холлифуд” Ресей компаниясы өткен жылы ашқан болатын. Бұл Солтүстік Қазақстан мен Омбы облыстарының арасындағы ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp