«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰҚЫПТЫЛЫҚ ПЕН ҮНЕМДІЛІК — НЕГІЗГІ ТАЛАП

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты биылғы Жолдауы алдымызда тұрған міндеттер мен жауапкершілікті одан әрі еселей түсті. Жылдың басты құжаты экономиканың әрі қарай өркендеуіне, атап айтқанда, көліктік, энергетикалық, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдауда бәсекелестік саясаттың маңызын арттыру мәселесіне де басымдық берілгенін атап өткен жөн. Құжатта жеке кәсіпкерлерді қолдау, монополист кәсіпорындардың үстемділігін шектеу мәселелері көтеріліп, бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі агенттік құрылатындығы айтылды. Сондай-ақ, алға қойған міндеттердің бірі – баға мен тарифтік келісіпалушылыққа жол бермеу. “Бәсекелі ортаны айтарлықтай түрлендіріп, әр кәсіпкер үшін шын мәнінде тең мүмкіндік қалыптастыру қажет. Нарықтарды монополизациялауды тоқтату керек. Нарықтағы көптеген салалар нарықтық емес әдіс-тәсілдер арқылы “тас қамалға” айналғаны жасырын емес. Кәсіпкерлер нарыққа кіре алмайды, ал егер кіре қалса, жеке монополистерге бағынуға мәжбүр болады. Бәсекеге қарсы әрекет барлық салада – көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, байланыс, дәрі-дәрмек, әуежай қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері, логистика нарықтарында белең алып отыр. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Өңірлік деңгейде көбіне әкімшілік ресурс коммерциялық табыстың кілті саналады”, – деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл тапсырмаларды орындау жұмыстары біздің облыста да сәтті жүзеге асырылуда. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті тариф белгілеудің мемлекеттік саясатын іске асыру, бағаларды реттеуді және баға белгілеу тәртібінің, қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің міндеттерінің сақталуын бақылайды. Жолдауда жүктелген тапсырмалар аясында жұмысын жүргізетін біздің департамент 68 қызмет түрін көрсететін 48 табиғи монополия субъектісінің жұмысын реттейді. Оның ішінде реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша су, кәріз жүйесі саласында – 34, электр және жылу энергетикасы саласында – 20, ал кірме жолдар саласында 10 қызмет бар.
Үстіміздегі жылдың он айында департаментке табиғи монополия субъектілерінен 30 өтінім түсті. Он бір өтінім қаралса, алтауын қараудан бас тартылды және үш өтінім кері қайтарылды. Қалған он өтінім қаралу үстінде. Қаралған өтінімдер бойынша табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тариф және тарифтік сметалар бекітілді. Атап айтқанда, бір өтінім бойынша тариф бағасы бұрын қолданылған деңгейде қалды. Үш өтінім бойынша тариф төмендетілсе, бір өтінімге сәйкес жаңадан енгізілген субъектіге тариф құны бекітілді. Төрт өтінім бойынша тарифтер инфляция деңгейінің шегі ескеріле отырып бекітілді. Ал стратегиялық тауар құнының өсуіне байланысты екі тарифтің бағасы өзгертілді. Өтінімдерді қарау кезінде шығын жобаларын төмендетуден алынған шартты экономикалық нәтиже 50,3 млн. теңгені құрады.
Цифрлық даму дәуірінде уақыт жаңа технологияларды қолдануды талап етеді. Бұл арада тариф белгілеуді бақылау сияқты мемлекеттік реттеудің әлеуметтік маңызы бар саласы да шетте қалып қоймасы анық. Соңғы жылдары тарифтік және бағалық реттеу шеңберінде ақпарат беруге байланысты бизнестің шығындарын төмендету мақсатында “Монополист” базасының жаңа сервистік қызметі автоматтандырылған болатын. Барлық өтінімдер аталмыш база арқылы электронды нұсқада қабылданды.
Сондай-ақ, тариф белгілеудің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тыңдаулар өткізілуде. Оған қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік органдардың, тұтынушылар мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, тәуелсіз сарапшылар шақыртылады. Жыл басынан бері 13 қоғамдық тыңдау өткізілді. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл шаралар “ZOOM” және “Facebook” қосымшалары арқылы онлайн режімде өткізіледі. Табиғи монополиялар туралы заңнама нормаларына сәйкес табиғи монополиялар субъектілері тарифтік смета шығындары кем дегенде 5 пайызға ауытқыған, амортизациялық аударымдар қаражатын мақсатсыз пайдаланған, тариф бағасын заңсыз көтерген немесе инвестициялық бағдарламаны орындамаған жағдайда уәкілетті орган тұтынушыларға келтірілген шығындарды өтейді. Бұл уақытша өтемдік тарифті бекіту жолымен жүзеге асырылады.
Департамент мамандары жыл басынан бері табиғи монополия субъектілерінде тарифтік смета бойынша талдау жүргізді. Бұл талдаулардың қорытындысында заңнаманың бұзылуына жол бергені үшін он табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне 16 уақытша өтемдік тарифті енгізу жолымен тарифтер төмендетілді. Атап айтқанда, “ЛесКом” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірме жолдар қызметіне қолданыстағы тарифтері 0,01, ал Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл бөлімшесінің электр энергиясын беру қызметі 81 пайызға дейін азайтылды. Соның нәтижесінде тұтынушыларға қайтарылатын жалпы сома 46,8 млн. теңгені құрады.
Президент Жолдауында кәсіпкерлік саласындағы жосықсыз бәсеке, баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу мәселесі көтерілген. Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметтерінің құны қайта есептелді. Нәтижесінде 2019-2020 жылғы жылыту маусымында жылумен жабдықтау қызметін көрсеткен 11 табиғи монополия субъектісі бойынша қайта есептеу сомасы 22,5 млн. теңгені, ал базалық табиғи монополия субъектісі – “Севказэнергосбыт” ЖШС-нің көрсеткіші 19,3 млн. теңгені құрады.
Сондай-ақ, біздің департамент Табиғи монополиялар туралы заңнаманың сақталуына бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері табиғи монополиялар субъектілерінің атына заңнама бұзушылықтарын жою туралы 6 нұсқама енгізді. Жалпы 11 әкімшілік өндіріс қозғалды. Нәтижесінде бюджет кірісіне 2,9 млн. теңге түсті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерін тұтынушылармен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында департамент коммуналдық саланың өзекті мәселелері бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізді. Соңғы он айда коммуналдық салаға қатысты түрлі сұрақтары бар 60 тұтынушы жүгінді. Олардың сауалдарына тікелей эфирде жедел жауап берілді.
Табиғи монополия субъектілерінің жөндеу жұмыстарының барысымен танысу, инвестициялық бағдарламаларын игеру және қол жеткізілген нәтижелерін жариялау да маңызды. Бұл мақсатта департамент “СевКазЭнерго” және “Солтүстік Қазақстан электр желілік тарату компаниясы” АҚ, “Петропавл жылу желілері” “Севказэнергосбыт” және “Қызылжар су” ЖШС-нің нысандарына 5 баспасөз турын ұйымдастырды. Департамент өткізетін барлық шаралар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады. Бұдан бөлек, халықты ақпараттық қолдау шаралары Табиғи монополияларды реттеу комитетінің интернет ресурстары арқылы да жүзеге асырылады. Онда тұтынушылар департамент қызметі бойынша өзекті жаңалықтармен, тарифтермен, реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтік сметалармен және инвестициялық бағдарламалармен, олардың орындалу барысы туралы есептермен таныса алады.

Абай БАЛАБЕКОВ,
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменттің басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp