“Көркем шығарма – әдебиеттің құндылығы. Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру”, – деген екен белгілі жазушы Қажым Жұмалиев. Қазіргі таңда техниканың, компьютердің, аудиокітаптар мен ғаламтордың дамып, өмірге енуі оқушыларды көркем әдебиеттен алыстатып жібергені анық байқалады. Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған бұл мәселе ұстаздарды да бейжай қалдырмайды.
Әдебиет сабағының басқа пәндерден бір ерекшелігі, мұғалім көркем туындыны оқушыға оқыта білуі қажет және оны түсінуіне мүмкіндік бергені жөн. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің алдында шәкірттерге оқылым, айтылым дағдыларын меңгертіп, жас ұрпақтың көркемсөзге, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру міндеті тұр. Қазіргі таңда 7-8-сыныптарға арнап “Әдебиет әлемі”, “Сөз маржаны” атты авторлық бағдарлама жасап, әдебиеттік курс жүргізудемін. Аталмыш бағдарламаға сәйкес оқушылар көркем шығарманы, поэзияны түсініп оқуға, оны талдай білуге, өз ойын жүйелі жеткізуге үйренуде. Осылайша оқушылардың сөздік қоры молаяды, ауызекі сөйлеу тілі дамиды, оқыған мәтіндері бойынша өзіндік пікір айтуға машықтанады. Тапсырмаға сәйкес олар көркем туындыларды жай оқып қана қоймайды, сонымен қатар көркем, мәнерлеп оқуға үйренеді. Кейіпкерлер бейнесін танып, солардың образдық бейнесін сомдау шеберліктері қалыптасады. Әдебиет әлемін тани отыра, оқушылар көптеген көркем шығармалармен, ақын-жазушылармен танысып, оны талдай білетін болады. Оқушылардың ақындық, шешендік, әртістік қабілеттері дамиды. Шығармалар байқауына да еркін қатыса алады. Көркем әдебиетті, поэзияны түсініп оқуға, оны талдай білуге, жоспар құрып, өз ойын жүйелі жеткізуге үйренеді. Айтылым, жазылым дағдылары ғана дамып қоймайды, сонымен қатар оқушылардың сөйлеу мәдениеті, сауатты жазу машығы, әдеби тілді, көркемсөздерді қолдану дағдысы да қалыптасады.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау және әдебиетке деген құштарлықтарын арттыру үшін берілген тақырыптар бойынша оларға өлең шығарып, суреттер, бейнежазбалар арқылы шағын әңгіме құру, оқыған кітаптарына эссе, хабарлама, мақала, жарнама жазу жөнінде тапсырмалар беріледі. Көркем шығарма бойынша сахналық көріністер ұйымдастырылып, поэзияны прозаға айналдырып айтуды тапсырамын. Шығармадағы бейнелерді сомдау әдіс-тәсілдерін талдау, жазушының сөз саптауын саралай білу тапсырмасы жүктеледі. Оқыған шығармасын басқа туындымен салыстыра сипаттап, жазушылардың, ақындардың жазу стильдерін, сөз саптауларынан ажырата білу секілді жұмыс түрлері жүргізіледі.
Осылайша оқушылар әдебиет деген ерекше әлем бар екендігін біліп, оның сан алуан қырлары мен құпияларын ашып, сөз өнерінің құдіретін түсінеді. Әдебиет адамзатты, әлемді сүюге баулып, сөз құдіретіне бас идіреді. Демек, әдебиетін құрметтеп, ұлттық сөз өнерінің қадірін түсінген жас ұрпақ ертеңгі күні елінің қамқоры, тілінің жанашыры болмақ.
Жанар ӘБІЛОВА,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған
гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті
пәндерінің мұғалімі.