«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘДЕБИ КЕШ

Петропавл қаласындағы Достық үйінде облыстық “Видергебурт” неміс мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жерлес ақын Клавдия Чепурконың шығармашылық кеші өтті.

Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылының тұрғыны Клавдия Чепурко отыз жыл бойы емханада офтальмолог болып қызмет істеген. Дәрігер жұмыстан қолы босаған сәттерде ойға беріліп, ішкі жан тебіренісін қағаз бетіне түсіруден жалықпаған. Ал зейнеткерлікке шыққан соң сүйікті ісінен тіптен ажырағысы жоқ. Бүгінде Клавдия Ивановнаның бес жүзден астам өлеңі бар, үш кітабы жарық көрген. Туындылары аудандық газетте жарияланып, әртүрлі өлеңдер жинағына енген.

– Менің бойыма ақындық өнер әкемнен дарыды деп ойлаймын. Поволжьеден Қазақстанға жер аударылған ата-әжем қазақ ауылында тұрған. Сөйтіп, әкем сауатын қазақша ашқан. Ол неміс, қазақ және орыс тілдерін бірдей білетін. Өлеңдерін де үш тілде жазған, – деп еске алды кеш иесі.

Ақынның өлеңдері әр алуан тақырыпқа арналған. Басым бөлігі – туған ел, табиғат жайлы лирикалық туындылар, сонымен қатар туған-туысқан, дос-жарандарына арнап жазғандары да бар. Соңғы жылдары әже атанғалы бері балаларға арналған тақпақтарды да шығаратын болған. Көпшілік алдында сөз алған бескөлдік ұстаз Фарида Тасымова “Алешины историй” кітабы балабақша мен бастауыш сынып оқушылары үшін нағыз тіл ұстартар құрал екенін айтып, ақын еңбегіне жоғары баға берді.

Шығармашылық кеш барысында автордың өлеңдері оқылып қана қоймай, “Видергебурт” орталығының хор ұжымы мен “Айым” ансамблі бишілерінің тарту еткен ән мен билері жиналған қауым көңілін көтере түсті.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp