Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендуінің негізі” атты Жолдауында елімізді одан әрі дамыту бағытын айқындаған болатын. Президент экономикалық және әлеуметтік бағыттармен бірге азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды, сот шешімдерінің сапасын арттыруға, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыруды қамтамасыз етуге, азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді.
“Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие. Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет”, – деген Мемлекет басшысы сот шешімі судья жұмысының, білімінің, біліктілігінің көрсеткіші екенін еске салды.
Сот актісі – судья қызметінің ең түпкі нәтижесі. Оның сапасын көтеру үшін барлық сатыдағы соттардың сот актілеріне мониторинг жүргізіп, судьялардың тәуелсіздігін сақтай отырып, жауапкершілігін қатаңдату қажет. Өткен жылы судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 17 семинар мен тренинг, 8 “дөңгелек үстел” ұйымдастырылып, аудандық соттың жеті судьясы тәжірибеден өтті. Сонымен қатар сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін тиянақты жоспар әзірленіп, шаралардың өткізілетін уақыты мен жауапты адамдар нақтыланды. Осының нәтижесінде істерді қарау мерзіміне мониторинг жүргізіліп отырылды. Істердің өндірісте алты айдан артық болмауы қатаң бақыланып, бұл талапты бұзуға жол берілмеді. Үкімдердің күшін жоюы және өзгеруіне талдау жасалды. Мұның нәтижесі облыс соттарының судьялары қатысқан алқа кеңестерінде кеңінен талқыланып отырылды. Барлық соттарға тәжірибеде пайдалану үшін Жоғарғы соттың алқасында қаралған қылмыстық істер бойынша шолулар жіберілді.
Өткен жылы облыс соттарында 1026 қылмыстық іс қаралды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,8 есе аз екенін айтып өткен жөн. Сот қараған қылмыстық істердің азаюына өңірде тіркелген жалпы қылмыс санының төмендеуі, сотқа дейінгі тергеу кезеңінде аяқталған істердің көбеюі себеп болып отыр. Облыс соттары 730 іс бойынша 803 адамға қатысты айыптау үкімін шығарды. Бұл да алдыңғы жылдың көрсеткішінен 25,4 пайызға аз. Егер 722 тұлғаға қатысты айыптау үкімі шықса, 31 адам ақталды. Оның 23-і – жеке, сегізі – жариялы айыптау бойынша істі болғандар. Ал 2018 жылы 1066 адам сотталса, 26 адам ақталған еді. Осыдан-ақ, былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда жазаға тартылғандардың саны 27,5 пайызға төмендегенін көруге болады. Ел бойынша бұл көрсеткіш 14,2 пайызға азайды. Сот үдерісінде айыптаушылық бағытты төмендетуде өзге елдердің тәжірибесіне зер салған жөн. Мәселен, Эстонияда прокурор сотқа айыптау актісін, ал адвокат қорғау актісін қатар жолдайды. Әрі қарай сот процесі барысында уәждер мен дәлелдерді өзара алмасу жүреді. Бұл тәсілді Қазақстан жағдайында қолдану үшін қосымша зерделеу қажет.
Сот төрелігін заман талабына сай жаңғырту жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов өткен жылды – сот төрелігінің сапасы жылы ретінде жариялағаны баршамызға белгілі. Себебі қоғам талабының жылдан-жылға өсуі және экономикалық қатынастардың өзгеруі сот жүйесіне де әсерін тигізді. Сот саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерге сараптама жасағанда, ең алдымен, азаматтардың пікірлері, сын-ескертпелері басты назарға алынады, сондықтан сот төрелігінің сапасын арттыру – халықтың сеніміне ие болудың негізгі жолы болып табылады. Қылмыстық істерді қарайтын соттарда айыптаушылық көзқарасты азайту, сот рәсімдерін оңайлату, татуласу институтын жетілдіру, сот актілерінің сапасын арттыру, соттардағы жемқорлықтың алдын алу басым бағыттар ретінде қарастырылған.
Сапалы өзгерістерге қол жеткізу өз кезегінде халықтың сот төрелігіне сенімін арттырудың бірден-бір шарты болып отыр. Бұған қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының басшылығы тарапынан сот жүктемесін азайту, судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, судьялар корпусына іріктеуді жетілдіру, сот жұмысына жаңалық енгізу, электронды сот төрелігін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұлардың барлығы сот төрелігінің тиімділігін арттыра түсті. Мәселен, алқабилер құрамымен қаралатын істер санаттарының аясын кеңейтуіміз қажет. Бүгінгі таңда өңірімізде алқабилердің қатысуымен өткен істердің саны екі есеге артты. Алдағы уақытта аса ауыр қылмыс санаттары бойынша бірқатар қылмыс алқабилердің қарауына беріліп, олар қарайтын істердің саны әлі де көбейеді деген болжам бар.
Сот жүйесінде жасалып жатқан ауқымды реформалар отандық сот жүйесінің сапасын одан әрі арттырып, жаңа деңгейге көтереді, халықаралық талаптарға сай сот төрелігі ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді деп сенемін.
Владимир КИРИЛЕНКО,
облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы.