«Сегіз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, мен Қызылжар өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында басшылық қызметтер атқарған он сегіз жылдан астам уақытта облыстық сотты басқарған бірталай азаматтармен таныс-біліс болғандықтан, олардың арасында, әсіресе, Мұратғали Әкетайдың орны бөлек, шоқтығы биік деп санаймын.
Осындай тұжырым жасауыма дау тудырмас дәлелді негіз ретінде Солтүстік Қазақстан облыстық соты өз тарихында тұңғыш рет Мұратғали Абрарұлының тікелей басшылығымен 2014 жылдың қорытындысы бойынша республикалық конкурстың жеңімпазы атанып, еліміздің ең үздік соты атанғандығын айту жеткілікті сияқты. Содан бері де солтүстікқазақстандық судьялар сот төрелігін атқаруда көш басынан көрініп, мерейге бөленіп келеді.
Өңір судьяларына басшылық жасаған екі жарым жыл уақыт ішінде Мұратғали Абрарұлы ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын мемлекетшіл тұлға, алдына үлкен мақсат қойып, оған қол жеткізе білетін өршіл де алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті зор, жаңашыл басшы, үлкенге де, кішіге де ілтипатты, жанашыр азамат ретінде танылды. Өз басым оны әділдік деген қасиетті ұғымды айрықша қастер тұтқан нағыз судья – қара қылды қақ жарған бүгінгі билердің бірі деп білемін.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін аяқтағаннан кейін құқық қорғау органдарында еңбек жолын қатардағы қызметкер болып бастап, мансап сатысының баспалдақтарымен біртіндеп көтеріліп, әбден шыңдалған әрі өзі таңдаған салада мол тәжірибе жинақтап қана қоймай, одан тағылым аларлық, парасатты пайымдар түйіп, кандидаттық диссертация қорғаған заңгер-ғалым азамат 2013 жылдың соңында «қамал алатын» 44 жасында Елбасы Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған еді. Өзіне сеніп тапсырылған қай істі болсын намысқа тырысып, мінсіз, мүлтіксіз атқаруға ұмтылатын қанына сіңген қасиетімен солтүстікқазақстандық судьялардың үлкен ұжымын басқаруға да жанын сала, жалындай кіріскен іскер басшы алғашқы жылы-ақ Айды аспанға шығарып, үздік нәтижелерге қол жеткізіп, Солтүстік Қазақстан облыстық соты республика соттарының ішінде бірінші орынға көтерілді. Мұндай жетістіктің сыры облыстық сотта моральдік-психологиялық ахуал жақсартылып, судьялардың сот төрелігін әділ атқарып, заңның үстемдігін қамтамасыз етуі үшін қажетті барлық жағдай жасалуымен қатар, оларға жоғары талап қойылғандығында еді. Ең бастысы, Мұратғали Әкетай басшылық жасаған уақыт ішінде облыстық соттың бірде-бір судьясы заңнан аттап, «бармақ басты, көз қысты» қылыққа ұрынғандығы үшін әшкереленіп, «парақор» деген жаманатқа ілінген жоқ. Ал облыстық сот ғимаратының табалдырығынан араша іздеп, жыламсырап аттаған талай адам одан бұл өмірде әділдік барына көз жеткізіп, жүзі жадырап, қуанып шықты. Бұл сөзіме айғақ болар нақты мысалдар аз емес.
Мәселен, бірде Мұратғали Абрарұлының қабылдауында болған петропавлдық жалғызбасты әйел өзіне облыстық деңгейдегі басшылардың бірі қиянат жасағандықтан, отбасын асырап отырған кәсіпкерлік қызметі заңсыз тоқтатылғандығын айтып, шағымданыпты. «Жел болмаса, шөп басы қимылдамайды» дегендей, тексере келгенде қолында билігі бар шенеунік өзінің жақын адамына бәсекелестік туғызып отырған кәсіпкер келіншектен құтылу үшін неше түрлі құйтырқыға барған болып шықты. Ақыры, оның заңды құқығы облыстық сот тарапынан қалпына келтіріліп, осыған дейін айналысып келген кәсіпкерлік қызметін одан әрі жалғастыратын болып шешілді.
Әрине, ықылым заманнан бері «алтын көрген періштелер жолдан тайып жататын» өмірде аңыздағы Аяз бидей әділ болу – айтуға ғана оңай іс. Мұратғали Абрарұлына да «ықпалды» кісілерді салып, өздері қолындағы байлығы мен жоғары жақтағы тіректеріне сеніп, заңды белден басқандықтары үшін жазадан сытылып кетуге тырысқандар да бар. Алайда, ондайлар өз «өтініштеріне» құлақ аса қоймаған Мұратғали Әкетайды сыртынан «айтқанға көнбейтін адам екен» десіп, ұнатпай жүрген көрінеді. Әрине, төрағасы осындай «айтқанға көнбейтін адам» болмаса, Солтүстік Қазақстан облыстық соты еліміздің ең үздік соты, һәм ең әділ соты атанар ма еді, атанбас па еді?!
Мұратғали Абрарұлының басшылық жұмыс стилінің бір ерекшелігі – ол өз қарамағындағы қызметкерлерді ынталандыру шараларын ортақ табысқа жетелейтін маңызды тетік ретінде санап, оған жете мән беріп отырады. Өткен екі жыл ішінде облыстың 57 судьясы мен 27 сот маманы мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталғандығы – соның айғағы.
Облыстық соттың төрағасы ретінде ол соттардың материалдық-техникалық жабдықталуын және судьялар мен сот мамандарының тұрмыстық жағдайларын жақсартуға да айрықша назар аударды. Соның нәтижесінде Астана күнінде соттарға – жаңа автомобильдердің, ал сот қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыс ету игі дәстүрге айналды. Мұндай қуанышты сәттер басқа салтанатты шаралар кезінде де жалғасын тауып жатты.
Судья кадрларын дұрыс іріктеудің мән-маңызы зор, мұның өзі, сайып келгенде, кез келген сот қызметінің табыстылығының басты кепілі екендігін ескерген Мұратғали Абрарұлы осы бағытта облыстық сот жанынан құрылған соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі Кеңес жұмысына тиісінше мән бере білді. Құрамына Қызылжар өңірінің танымал тұлғалары – Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаттары, беделді заңгерлер мен журналистер, қоғам қайраткерлері енген аталмыш Кеңес мүшелерінің «батасын алмайынша» бірде-бір үміткер судьялыққа тағайындалмайтын болғандығы облыстық сот төрағасының бұл мәселедегі бұлжымас ұстанымын көрсеткенді. Екі жарым жыл ішінде осындай «сүзгіден» сүрінбей өткен 10 солтүстікқазақстандық судья мантиясын киді. Олардың бәрі де – сот жүйесінде кеңсе меңгерушілері мен мамандар болып талай жыл жұмыс істеп, адал қызметімен дараланған лайықты заңгерлер.
Ұлы Абай елінде қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып өскен азамат мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміздің өрісін кеңейту ісіне де ұдайы жанашырлық танытып отырды. Әсіресе, өзі басшылық еткен облыс соттарында сот ісін қазақ тілінде жүргізуге жете көңіл бөлді. Соның нәтижесінде өткен жылы өңіріміздің мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы «Мемлекеттік тілдегі үздік сот отырысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.
Мұратғали Әкетайдың тұсында облыстық соттың жұмысының барынша ашықтығы қамтамасыз етіліп, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сындарлы байланыс орнатылды. Облыс соттарының жұмысын үздік жазып көрсетуге арналған конкурстар ұйымдастырылып, олардың жеңімпаздарына «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, мүмкіндігінше сый-құрмет көрсетілді. Осы ретте Мұратғали Абрарұлы, әсіресе, қазақтілді журналистердің еңбектері елеусіз қалмауын мұқият ескеріп, солтүстік өңірдегі талай басшының бойынан табыла бермейтін ана тілімізге жанашырлығын танытқандығына кезінде талай мәрт ризашылық білдіргенбіз.
Ол облыстық соттың төрағасы ретінде қоғам назарына ілінген дау-дамайлы істердің барлығы туралы баспасөз хабарламаларын дайындатып, оларды облыстық соттың ресми сайтына салуды жолға қойды. Мұның өзі кейбір түймедейді түйедей қылып көрсетуге құмар әріптестеріміздің болған оқиғаларды бұрмалап жазуларын тыюға ықпал етті. Осындай ұтымды ұйымдастырылған жұмысы үшін облыстық соттың баспасөз қызметі былтыр Жоғарғы Сот басшылығынан жоғары баға алып, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мұратғали Әкетайдың бастамасымен облыстық сотта өзге өңірлер соттарының ешқайсысында жоқ Баспасөз орталығы мен Оқу орталығы ашылып, олар осызаманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, осында тамаша безендірілген тарихи музей де ашылып, оған облысымыздың сот жүйесінің шежіресінен сыр шертетін ондаған жәдігерлер қойылды.
Мұратғали Әкетай облыстық сот ғимаратының аумағын көркейтуге де ерекше ықылас қойып, әдемі жасыл шыршалар орнатқызып, көздің жауын алатын әсем гүлдер еккізді. Облыс орталығының көпшілік серуен құрып жүретін басты көшесі – Қазақстан Констиутциясы көшесінде орналасқан облыстық сот ғимаратының маңы бүгінде қала көркіне өзгеше сұлу рең беріп, құлпырып тұр.
Қазіргі алмағайып заман жайбарақаттыққа бой алдырмауды жөн көріп, судьялардың, сот қызметкерлерінің және сот процестеріне қатысушы азаматтардың қауіпсіздігін ойлаған басшы жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, облыстық сот ғимаратының алдына полицияның тұрақты бекетін орнатқызды. Оның іші жайлы, қыста электр қуатымен жылытылады. Тыныштық сақшылары арнайы техникамен, радиотелефонмен жарақтандырылған.
Мұратғали Абрарұлының қайда барса да тастамай, портфеліне салып алып жүретін, ал қызметтік кабинетінде отырғанында үнемі жұмыс үстелінде тұратын бір керемет қадірлі нәрсесі бар. Ол – Абай Құнанбаевтың төбеби болып сайланған кезінде жазған «Қарамола ережесі» жарық көрген «Абай» журналы. Бір сәті түскенде осы жайлы сұрағанымда: «Әкем – Абайды көп оқыған адам. Заң факультетінде оқып жүрген кезімде, 1992 жылғы наурыз айында шыққан осы журналды қолыма ұстатып тұрып: «Данышпан Абайдың «Қарамола ережесінде» бәрі айтылған. Осыны оқып, ойыңа тоқып жүрсең, ешқашан әділеттің ақ жолынан жаңылып, жаза баспайсың, балам!» – деген еді. Әуелі Алла Тағалаға, одан кейін әкеме разы перзент болғандықтан, оның айтқанын жадымнан шығарған емеспін. Өмірде қолым жеткен жетістіктерімнің бәрі де – әкемнің берген тәлім-тәрбиесінің арқасы», – деп ағынан жарылған еді Мұратғали Абрарұлы.
Ұлы Абайдың ұлағатын ұлықтап, асыл әке сөзін қастер тұтқан ол өмір бойы әділеттің ақ жолымен жүріп, адамдардан алғыс қана естіп келеді. «Жаңбырмен жер көгереді, алғыспен ер көгереді» емес пе? Жуырда Елбасы Жарлығымен Мұратғали Әкетай Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Аталмыш өңірде белгілі себептерге байланысты қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайдың ерекшелігін ескерсек, бұл тағайындау оған көрсетілген айрықша сенімнің белгісі екендігі анық. Сол сенімнен туындайтын орасан зор жауапкершілік жүгін нар тұлғалы азаматтың абыроймен көтеретіндігіне кәміл сенемін.
…Баяғы заманда дана бабаларымыз: «Елге бай – құт емес, би – құт», деген екен. Қандай терең мағыналы сөз десеңізші?!
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті
журналисі.