«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘДІЛ ЖАЗАЛАР БЕЛГІЛЕНДІ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Мұқашевтың төрағалығымен дүйсенбі күні өткен Тәртіптік кеңестің отырысында 6 тәртіптік іс қаралды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының және Ар-намыс кодексінің талаптарына қайшы келетін әрекеттерге жол берген 1 басшыны қызметінен босату және өзге мемлекеттік қызметшілерді әртүрлі тәртіптік жазаларға тарту туралы ұсыныстар қабылданды.

Әуелі Уәлиханов аудандық прокуратурасының ұсынымы бойынша аталмыш ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы орынбасарының үстінен қозғалған тәртіптік іс қаралып, оған сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жариялау қажет деп ұйғарылды. Атап айтқанда, ол жұмыссыз болып тіркелгенмен, кейін тиісті тәртіпті сақтамай, тіркеуден шығарылған бір азаматқа қате толтырылған анықтаманың аныққанығына жетпей, растап қол қойған. Соның салдарынан жұмыссыздар есебінен шығарылған адамға 83,6 мың теңге жәрдемқаржы заңсыз төленген.

Жамбыл аудандық прокуратурасы осы ауданның ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы мен ветеринария станциясы директорының міндетін атқарушыға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұрмалады деп кінә тағып, екеуін де қызметтерінен босатуды ұсынған екен. Тәртіптік кеңес мүшелері олардың тәртіптік істерін жан-жақты талқылай келе, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысына Ар-намыс кодексі бойынша сөгіс жариялаумен шектелген жөн деген ұсынысты бірауыздан қолдады. Өйткені, ол ветеринарлық станция қызметкерлеріне сыйақы және қосымша ақы төлеу жүйесін жасап, бекітпеген болып шықты. Ал ветеринарлық станция директорының міндетін атқарушыны мемлекеттік мүлік туралы заңнаманы бұрмалағаны және өзі мен бас есепшіге заңсыз сыйақы төлегені үшін қызметінен босату ұсынылды.

Тәртіптік кеңес мүшелері Мағжан Жұмабаев аудандық прокуратурасының ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық белгісі байқалатын әрекетке барды деген ұсынымын да мұқият қарап, оған тағылған кінә тым қатаң деп санайтындықтарын білдірді. Ол өз қарамағындағы көлік жүргізушісінің алдағанына сеніп қалып, оның мас күйде автомобиль жүргізгені үшін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айрылғандығы туралы бейресми ақпараттың аныққанығына жетпеген. Соның салдарынан дер кезінде жұмыстан шығарылмаған көлік жүргізушісі қызметтік көлікпен заңсыз аң аулауға шығып, тағы да ұсталған. Шектен шыққан көлік жүргізушісі тек содан кейін ғана жұмыстан босатылған. Бөлім басшысының жіберген кемшілігінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылық белгісі жоқ деп таныған Тәртіптік кеңес мүшелері оған Ар-намыс кодексі бойынша сөгіс жариялаған жөн деп шешті.

Ақжар ауданы прокуратурасының жергілікті 2 учаскелік инспекторға қатысты ұсынымдары да қаралып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтарды тарту тәртібін сақтамаған полицейлерге ескерту жариялау ұйғарылды. Өйткені, олар білместікпен толтырған құжаттар бойынша полицияның қоғамдық көмекшілеріне бірреттік сыйақы төленген. Бұл мәселеде тәртіп орнату мақсатында облыстық ішкі істер департаментіне Ақжар аудандық ішкі істер бөлімі басшылығының жауапкершілігін қарау қажет деген ұсыныс енгізілді.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp