Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңын бекіткен соң ғана мемлекеттік билік институттарын жедел құруға кірісті. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атануы саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге ұласып, сот жүйесін құруға себеп болды. Сот реформалары мемлекеттің дамуындағы негізгі мәселе ретінде қарастырылды.
Қазақстанның әлемдік құқықтық ұйымдарға қосылуы заманға сай сот органдарын құру үдерісін тездетті. Құқықтық мемлекет құру жолында жаңа форматтағы сот жүйесін дамыту, әлеуметтік рөлі мен жауапкершілігін күшейту стратегиялық мақсат ретінде белгіленді. Басты мақсаттар сот жүйесінің құқықтық- ұйымдастырушылық негізін құру, судьялардың корпусын және қаржылық қолдауды жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретінде соттардың демократиялық қоғамдағы рөлін көтеру сипатымен бөлектенді. Осы жылдардан бастап жеке сот билігін құруға бағытталған көптеген маңызды өзгерістер орын алды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңның 9-бабында Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік заң шығарушы, сот және атқарушы тармақтарына бөлініп, сот билігінің негізгі ұйымдастырушылық қызметінің құрылысы және оны іске асыру әдістері айқындалды. 1995 жылы 30 тамыз күнгі бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, соттардың жүйесі, судьялардың мәртебесі, сот төрелігін іске асыру принциптері бекітілді. Президенттің 1995 жылғы 20 желтоқсандағы «Соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» Жарлығында судьялардың тәуелсіздігінің құқықтық және материалдық кепілдіктері белгіленді. 2000 жылы 12 қазанда «Жаңа сот жүйесінің қызметін әкімшілендіруді қамтамасыз ету шаралары туралы» Президент Жарлығы шықты, онда соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері Әділет министрлігінен алынып, Жоғарғы Сот жанындағы соттар әкімшісі комитетіне берілді. Сөйтіп соттардың тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. 2002 жылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мемлекеттік құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданып, сот жүйесін дамытудың, судьялардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі шарттары айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық (кәмелетке толмағандар істері бойынша) және басқа да арнаулы сот институтын дамыту мәселелері қарастырылып, азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістері таңдалды, аралық соттардың қызметін заңмен реттеу, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру көзделді. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттар, Алматы қаласында мамандандырылған қаржылық сот, Астана мен Алматы қалаларында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды. Президент жанынан мемлекеттік басқару академиясы құрылып, оның құрамында білікті сот кадрларын даярлайтын сот төрелігі институты пайда болды. 2007 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде Конституцияның 75-бабының 3-тармағына өзгерістер енгізілді, ол мамандандырылған соттар қызметін белгілеу қажеттілігінен туындады. Мамандандырылған соттарға әскери, қаржы, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері бойынша және басқа да соттар кірді. Олардың қызметі азаматтардың құқықтарын, нарық институттарының дамуына және республиканың инвестициялық тартымдылығының өсуіне оң әсерін тигізді. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Әкімшілік рәсімдік- процестік кодекс қолданысқа енді. Кодексті қабылдаудың басты мақсаты – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сотта қарау кезінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді жақтарын қарастыру, әкімшілік басқару органдарымен процесте тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік беру. Мамандандырылған ауданарлық әкімшілік сот өз жұмысына 2021 жылдың 1 шілдесінен кірісті. Облыста өткен төрт жыл ішінде азаматтар шағымының 67,7 пайызы қанағаттандырылды.
Елімізде жаңа кассациялық соттар 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кассациялық соттардың кадрлық құрамы неғұрлым тәжірибелі судьялар қатарынан жасақталуы тиіс. Кассациялық соттарда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер қаралады. Кассациялық сот институтының дамуы, біріншіден, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, екіншіден, құқықтық дауларды шешуде әділдік пен бейтараптықты нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.
Үшінші билік өкілі саналатын сот саласы демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау жолында маңызды рөл атқарады. Сондықтан сот жүйесіне қойылатын талап ешқашан төмендеген емес. Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформалармен сабақтас. Реформалардың мақсаты – барлық деңгейдегі сотты халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
Сот саласында еңбек ететін қызметкерлердің функционалдық міндеттері үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі уақытта республика көлемінде 2,7 мыңнан астам судья және 6,2 мың сот қызметкері ең күрделі міндеттердің бірі – сот төрелігін жүзеге асыруға белсене қатысып келеді.
Кәсіби мерекенің белгіленуі – сот жүйесі қызметкерлеріне әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі үшін көрсетілген айрықша құрмет.
Бердібек МҰСТАФИН,
облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.