Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне ресми кіріскен ұлықтау рәсімінде қазақстандықтарды табысқа жетелейтін негізгі он бағытты айқындаған болатын. Соның үшінші бағытында сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жайына тоқталды. Бұл мәселе кейінгі жылдары көп талқылануда. “Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялардың жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс”, – деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде. Тұрғындардың сотқа деген сенімін арттыру бағытында өңірімізде де бірқатар шаралар қолға алынды.
Облыста судьялардың жаңа талаптарды сақтауына ерекше көңіл бөлінеді. Соттардың алдына қойылатын басты талап әр адамға қолжетімді, түсінікті, сауатты сот актісін әзірлеу екені мәлім. Осы мақсатта облыс соттарында судьяларды оқыту шаралары ұйымдастырылып, оларды шешендік өнерге, риторика және медиаторлық дағдыларға үйрету жұмыстары қолға алынды. Бірінші инстанциядағы сот актілерін дайындау және түсіндіру жұмыстарының сапасына жоспарлы түрде мониторинг жүргізіледі. Сот алқасында тоқсан сайын осы талаптарға талдау жасайтын үйлестіруші судьялар бекітілген. Үстіміздегі жылы осындай төрт талдау жүргізілді. Ал облыстық соттың оқыту орталығында биылғы сәуір, маусым айларында іс-шаралар ұйымдастырылды. Кемшіліктер толық жойылды деп айта алмаймыз, алайда, жетілдіру бағытындағы жұмыстар нәтижесіз емес.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс соттарында 8847 азаматтық іс өндіріспен аяқталды. 620 сот шешімі апелляциялық тәртіпте қаралып, 542-сі өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ, облыс бойынша шығарылған жеке шешімдердің саны көбейген. Дегенмен, Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов, Мамлют, Мағжан Жұмабаев және Айыртау аудандық соттары есептік кезеңде жеке шешімдер шығармаған.
Тұрғындардың сотқа деген сенімін арттыруда татуластыру үрдісін жетілдірудің маңызы зор. Жыл басынан бері 972 азаматтық іс тараптардың түсінісуімен аяқталды. Олардың 330-ы өзара келісімге келсе, 636 іс – медиация, ал алтауы партисипативтік тәртіпте реттелді.
Облыстық сот жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жергілікті соттардың рөлін арттыру. Жыл басынан бері, ең алдымен, бірінші инстанциядағы соттың маңызын арттыру бағытында ауқымды шаралар қолға алынды. Сәйкесінше, апелляциялық инстанциядағы соттардың рөлі мен жауапкершілігі де біршама артты. Өйткені, қателік орын алса немесе заң бұзылған жағдайда сот актілері қайта қаралады. Апелляциялық инстанциядағы азаматтық істер бойынша өзгеріске ұшыраған сот актілері 19 шешімге көбейсе, кассациялық тәртіптегі істер, керісінше, 11-ден 5 шешімге дейін азайды.
Сот жүйесінде орын алған бұзушылық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды. Соңғы үш жылда сот актілерінің күшін жойып немесе өзгеріс енгізген судьяларға қатысты анықтамалар әзірленді. Мұндай анықтама азаматтық істер бойынша бірінші инстанциядағы 14 судьяға, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөнінде бірінші инстанциядағы 4 судьяға және апелляциялық инстанциядағы 14 судьяға қатысты дайындалды. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы сараптама барысында екі және одан да көп кемшілікке жол берген судьялардың жұмысына мониторинг жасалып, нәтижесі облыстық сотта өтетін пленарлық отырыста талқыланады.
Биыл азаматтық істерді қараған екі судья заң бұзушылыққа жол берген. Нәтижесінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның судьясы өз өтініші бойынша қызметінен кетті. Ал мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот судьясының ісі алдағы уақытта қаралатын болады. Сонымен қатар азаматтық істер бойынша соттар алқасы биылғы алты айда бірінші инстанциядағы соттарға қатысты он үш ескерту хат дайындады. Өткен жылы мұндай хаттардың саны бесеу ғана болатын.
Апелляциялық және бірінші инстанциядағы сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыру бағытында жоспарға сәйкес жұмыс істейміз. Есептік кезеңде бірінші инстанциядағы сот актісін жою немесе өзгертуге 18 талдау жасалды. Ал апелляциялық инстанция бойынша талдау тоқсан сайын жүргізіледі.
Биыл бірінші инстанциядағы соттардың 20 судьясы облыс орталығында тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларын және кассациялық инстанция бойынша істерді қарау тәжірибесін үйретуді көздейтін шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылды. Азаматтық істер бойынша соттар алқасы 9 семинар, 7 “дөңгелек үстел” отырысы мен сот тәжірибесіне 60 талдау жүргізді. Екі жылға дейінгі еңбек өтілі бар судьялардың кәсіби деңгейі мен жұмыс сапасын жақсарту мақсатында сот актілері қайта қаралып, семинарларда талқыланады. Істерді қараудың мерзімін сақтау ерекше бақыланып, сот отырыстарын себепсіз кейінге қалдыруды болдырмау бойынша жұмыстар атқарылуда.
Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында да тұрғындардың сенімін арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын таба беретін болады. Апелляциялық инстанциядағы соттардың маңыздылығын арттыру үшін оның өкілеттілігін кеңейту керек деп ойлаймыз. Сол сияқты азаматтық істер бойынша сот үрдісіне өзгерістер енгізу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Айдар СМАҒҰЛОВ,
облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.