“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, бала тәрбиесі – қоғамымыздың ең басты да өзекті мәселесі. Дені сау бала тәрбиелеу, тәрбиелі ұл-қыз өсіру, берік отбасын құру – қоғамымыздың өміршеңдігінің, тұрақтылығының кепілі. Яғни, мемлекеттің берік іргетасын қалаумен тең. Сондықтан бала тәрбиесінде жауапкершілік зор. Ол жауапкершілік отбасымен бірге саналы тәрбие мен сапалы білім беретін мектептерге де ортақ.
Петропавлдағы №26 мектеп-балабақшада құрылған “Әжелер мектебі” білім ошағымен бірлесе отырып, жас буынға ұлттық тәлім-тәрбие беруді көздейді. Әжелердің жұмысы жоспарға сай жүреді. Олар “Ата-бабаларымыздың даналығы – отбасылық дәстүрде” тақырыбында өткен кездесуде оқушыларға бата беру туралы түсіндіріп, оның “ас қайыру”, “жастарға берілетін бата”, “үй иесіне берілетін бата”, тағы басқа да түрлері туралы айтса, келесіде “Қызға – қырық үйден тыю” деген қағиданы ұстанатын әжелер қыз балалардың тәрбиесіне ерекше мән берді. “Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі” деп атам қазақ қашанда қыз баланы жоғары бағалаған. Осыны ескерген әжелер бүгінгі қыздардың ертеңгі сүйкімді бойжеткен, сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже атанатынын, осыған лайық болу үшін тәлімді де тәрбиелі болуы қажет екендігін мысалдармен түсіндірді. “Қыз тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі. Осы жауапкершілікті қыздарымыз үнемі сезініп жүруге тиіс. Қыздары мықты болмай, қоғам мықты болмайды. Сондықтан да, біздің ең басты мақсатымыз – қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, оны бала кезінен бойларына сіңіру. Қазір өсіп келе жатқан ұрпақ ұлтының ертеңгі болашағы екенін білсін”, – дейді олар.
“Өз тамырынан, ғасырлар қойнауынан, өз қаныңнан тәрбиенің негізін алу маңызды”, – деген Күлзара әжеміз бен ұстаз Гүләйім Тілеулина қыздарға жүн иіру, жіпті түрлі түсті бояуға бояу, алаша тоқу кезінде ол түстердің бір-біріне үйлесуі жөнінде түсіндіріп, кішкене өрмекпен алаша тоқу әдісін үйретті. “Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар” деген сөз орамы алаша бұйымдарының кейде өзінің эстетикалық және композициялық шешімі жағынан кілем бұйымдарынан да артық бағаланғандығын аңғартты. Алашаның не мақсатта қолданылатыны, оның ісмерден үлкен шеберлікті, мол тәжірибені, көркемдік-шығармашылық талғампаздықты талап ететіні айтылып, іс жүзінде көрсетілді. Қыздар кішкене алашалар тоқып үйренді.
Олардың әжелерінің үйретуімен тоғыз төбе өрнегін салып тіккен төр көрпе, шай көрпелері де оқушылардың зор қызығушылығын тудырды. Төр көрпе, шай көрпені қандай матадан тіккен дұрыс, қандай оюды пайдаланған жөн екені түсіндірілді. Шахзада әжеміз қошқар мүйіз өрнегін қолданып, қалта тігу тәсілін көрсетті. Қалталардың түрлерімен таныстырған ол оқушыларды ою оюдың қыр-сырына қанықтырды.
Ұстазымыз Еңлік Құлақпаеваның “Өзін-өзі тану” пәні бойынша өткізген “Махаббат және шығармашылық алаңы” атты онкүндігіне де әжелер шақырылды. Онда қыздар бауырсақ илеп, оны пісіру, құймақ құю сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу тәсілдеріне машықтанды.
Осылайша әжелер мектебінің мүшелері әр кездесуде қыздарды түрлі өнерлерімен баурап жүр. Қыздар да әжелерімен кездесуге асық. Олар өнердің қыр-сырын үйрену кезінде қазақтың халық әндерін де нақышына келтіріп орындауды дәстүрге айналдырған.
Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек жоқ. Осының өзі өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, оларды елінің нағыз патриоты болуға жетелейді.
Дариға ӘБІШЕВА,
№26 мектеп-балабақша директорының
оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Суретті түсірген автор.
Петропавл қаласы.