Адам тағдыры кейде бір шытырман оқиғаларға толы екеніне таңғалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әсіресе, соғыс сынды зұлматта қаншама адамдар зардап шекті. Хабар-ошарсыз кеткен, яки қыршынынан қиылған боздақтар жетерлік қой. Менің де осы хикаяма небәрі он алты жасында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан Бекет Қабдөшұлы Мейірманов деген туысқанымның тағдыры арқау болды.
Ол қазіргі Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында туған екен. 1943 жылдың 2 ақпанында оны Петропавл әскери комиссариаты майданға шақыртады. 233-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 734-ші полктің қатардағы санитары қызметін атқарады. Арада бар болғаны сегіз ай өткенде ұрыс даласында қаза табады. Оның майданға жасына жетпей алынуының өзі таңғалдырады. Енді осы оқиғаны баяндайын.
Бекеттің әкесі Қабдөш (Ғабдөссалам) – менің атам. Ол үш ағайынды. Қази мен Ғабдөнас есімді інілері болған. Олардың өздері де, әйелдері де жастай қайтыс болып, екі шаңырақтан төрт бала: Қазидан – Жармұхамбет пен Мырзахмет, ал Ғабдөнастан Шәмшит пен Сәйпидден қалады. Бұл – 1928-1930 жылдардың тұсы.
Заман тәркілеуге тап келгенде оның аяғы аштыққа ұласып, Қабдөш атам малдарын сатып, сата алмағанын ағайын-туыстарына үлестіріп беріп, Ресейдің Түмен облысында бас сауғалайды.
1935 жылы Петропавлға оралып, үй сатып алады да отбасын көшіріп, балаларды оқуға береді. Атам өз балаларынан бұрын інісінің тұяқтары Жармұхамбет пен Мырзахметті қамқорлыққа алып, кішісін Покровкадағы ауыл шаруашылығы техникумында оқытады. Ал Жармұхамбет 22 жасында ауырып, қайтыс болады. Өзінің екі баласы Ескендір мен менің әкем Жұқышты (Зұлқарнайын) 25-26 жастарында біреулер көрсетіп, репрессияға ілігеді де 10 жылға сотталып, КарЛАГ-тың Долинка деген жерінде қамауда отырады. Ал Шәмшит пен Сәйпидден соғысқа кетеді.
Атамның үлкен баласы Нұрмұхамбет денсаулығында ақауы болуына байланысты соғысқа алынбайды. Кішісі Қажымұхамбет еңбек армиясында болып, Кемерово облысының Новокузнецк кеніштерінде жұмыс істейді.
1943 жылы он сегіз жасқа толған Мырзахмет майданға шақырылады. Әжем Үммігүлсім Мұстафақызы, Мейірман келіні өте өжет, діни сауаты мол, жігерлі болған еді. Ол атамыздың есімін атамай, «Атасы» деп сөйлейді екен. Қайын інісі Қазиды «Молда бала» дейді екен. Оның жалғыз ұлы әскерге алынып, қаза тапса, шаңырағы жабылып қалады-ау деген оймен, Мырзахметтің орнына өзінің туған баласы Бекетті жібермек болып, отағасына тапсырады.
Қиналады, әрине. «Сүткенжем ғой. Әлі жас. Алайда, «Молда баланың шаңырағы жабылып қалады-ау» деп, өз баласын да қимай, ұзақ түндерде жанарынан жас парлап, ұйқысыз өткізеді. Әжем – Мырзахметті де нәресте күнінен екі емшегін емізіп өсіргендіктен, туған баласынан кем көрмейді. Сұм тағдырдың сыйға тартқан шері мен уын жұта отырып, әжем мен атам бір Аллаға тапсырып, Бекетті майданға жіберуді ұйғарады.
Осыған бел буған екеуі әлі он алты жасқа толмаған Бекетке құжаттар жасап, оны 1925 жылы, ал Мырзахметті 1927 жылы туған деп тіркейді. Мырзахметтің қолының сыртында инемен тесіп, «1925 жыл» деп жазылған таңбаны ұстарамен тіліп өшіреді.
– Бекетжаным соғысқа аттанатын болды. Беліміз қайысып, бәріміз темір жол сапаржайына келдік. Қайсарлықпен қайғы-шерін көрсетпей, қалтасына салып берген мейізді бір-бірлеп шайнап тұрды. Дәл аттанарда екі көзіне келіп қалған жасты жанарында тұншықтырып, бәрімізге бір қарап, вагонға мініп кетті, – дейтін әжем кейін сол күндерді еске алғанда.
Әжем 1973 жылы 87 жасында дүние салды. Соңғы демі таусылғанша: «Бекетім тірі жүрген шығар, мүмкін келіп қалар», – деп күтумен болды. Біз, яғни немерелері, хат танығаннан бастап «Газет келді ме?» деп, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» басылымдарының «Іздеу саламыз!» деген айдарын дауыстатып оқытады. Іздеу салушы ағасы Нұрмұхамбет Мейірманов, енді бір газетте Мырзахмет Мейірманов деп жазылады.
– Әже, сіз кімді іздейсіз? Бекет деген кім?” – деп сұрақтың астына аламыз, сонда әжем үн-түнсіз, терең ойға батып отырады, қолына Құранын алып оқиды, біз өз жөнімізге кетеміз. Әжеміз діни сауаты мол, өте зерек, мейірімді адам болатын.
Бекеттен Өзбекстанның Термез қаласынан «Әскери жаттығуларға үйреніп жатырмыз» деген үшбұрыш хат келеді. Содан хабарсыз кетеді, қара қағаз да келмейді. «Қара қағаз келмеді, ендеше, Бекетжаным тірі шығар» деген үміт те үзілмейді.
Біз Есілдің жағасында, Жарғайың деген ауылда тұрдық. Есіл тасыған кезде арғы жақтан келген кісілер «Қайық әкел!» – деп айғайлайды. Сондай дауыс шықса, елеңдеп, «Ойпырым-ай, Бекетім емес пе екен, кім үйіне келіпті, кімді шақырып жатыр? Барып білсеңдерші?» деп әбігер болатын.
Басқа балалары да іздеуін тоқтатпайды.
1990 жылдардың басында «Бекет ағамыздың зираты табылды» деген хабар келді. Оған Мырзахмет ағамыз көп еңбегін сіңірді. Кейін өзі елге келіп:
– Бауырымды таптым, Украинаның Кировоград облысының Успенка деген селосында бауырластар зиратында жерленген екен, енді басына барып қайтуымыз керек, – деді.
Бәріміз қуанып қалдық, бала кезімізден іздеген атамыз табылды. Әттең, әжем болса ғой, деймін іштей…
Көп ұзамай Мырзахмет ағамыз дүние салды, басына барам деген ойын іске асыра алмады.
«Ат тұяғын тай басар, ата арманы жалғасар», дегендей, сол арман араға бірнеше жыл салып, 2012 жылы орындалды.
Бекет атамыздың ағалары Қажымұхамбет пен Жұқыштың балалары Ерік Жұқышұлы мен Абылай Қажымұхамбетұлы Есіл ауданындағы Жарғайың ауылы – атам мен әжемнің жерленген жерінен топырақ алып, Украинадағы Успенка селосына барып, Бекет атамыздың қабірнің басына Құран оқып, ол жақтан топырақ әкеліп, атам мен әжемнің зиратының қасынан Бекет атамызға ескерткіш тас орнатты, ас беріп, Құран оқытты.
Мырзахмет ағамыз әжеміздің ақ сүтін ақтады, сый-құрметін аяған жоқ. Алматы ауыл шаруашылығы институтын, аспирантурасын бітірді де диссертациясын қорғап, сол институтта факультет деканы, кафедра меңгеруші қызметтерін атқарды. Үйлі-баранды болды, Молда баланың шаңырағында қазір түтінін түтетіп отырған Ермек деген ұлы бар.
Ай сайын посылка салып тұратын: үлкенді-кішілі үнді шәйі, өрік-мейіз, алма, көйлек, қамзол тігетін маталар, шұлғау, мәсіге дейін әперетін. Атам мен әжемді Алматыға апарып қыдыртып, сый-сияпаттарын жасайтын.
Күннәр ҚАБДӨШЕВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Қызылжар ауданы,
Прибрежное ауылы.