«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЗІРЛІК ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ

Көктемгі су тасқыны кезінде автожолдарда көліктердің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету маңызды. Республикалық маңызы бар жолдарды күтіпұстау міндеті “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалына жүктелген.

Өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1468 шақырымды құрайды. Үстіміздегі жылы бұл жолдарды қардан тазалау, инертті материалдар төсеу жұмыстарын жүргізуге ел бюджетінен 1,6 млрд. теңге бөлінді. Автожолдарда жалпы ұзындығы 1629 метрді құрайтын 17 көпір және 9751,2 метрлік 514 су өткізгіш құбыр орналасқан. Көктемгі су тасқыны кезінде Есіл өзені мен еріген қар сулары облыс аумағындағы жолдардың 109 учаскесіне қауіп төндіруде. Атап айтқанда, 60 құбыр мен “Жезқазған – Петропавл” автожолының 743-шақырымындағы көпір бақылауға алынды.
Бүгіндері Петропавл қаласы арқылы өтетін Ресейдің Челябі және Новосібір қалаларын байланыстыратын республикалық маңызы бар автожолдың 465-525-шақырымындағы су өткізгіш құбырлар жаңартылып, диаметрі үлкеніне ауыстырылуда. Қайта құру жобасы аясында 26 құбырдың 25-і құрастырылды. Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Ақан-Бұрлық және Жембарақ өзендері арқылы өтетін екі көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан Ақан-Бұрлық өзенінің бойындағы “Екатеринбург – Алматы” автожолының 823-шақырымында көліктердің қозғалысы айналма жолға көшірілді. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 737 метрді құрайды. Өзен арқылы өту кезінде жолға диаметрі 1020 миллиметр, ұзындығы 18 метрді құрайтын 4 металл құбыры қойылды.
Тасқын су айналма жолды шайып кеткен жағдайда, мердігер ұйым көлік қозғалысының қысқа уақытта қалыпқа келуі үшін барлық шараларды қолға алатын болады. Ал “Екатеринбург – Алматы” автожолының 797-шақырымындағы Жембарақ өзені арқылы өтетін көпірге қайта құру жұмыстары көктемгі су тасқынынан кейін қолға алынбақ.
Біздің филиал республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың 2018-2019 жылдарға арналған жоспарын жасаған болатын. Осы орайда мақсатты жұмысқа филиалдың 80 арнайы техникасы мен екі жүзге жуық маман тартылды. Бұдан бөлек, мердігер ұйымдар 20 арнайы техника мен 30 мың текше метр қиыршықтас, 760 текше метр құмды-қиыршықтасты қоспа және 1500 құм салынған қап дайындады.
Қазіргі таңда филиал қызметкерлері облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өкілдерімен көктемгі қарбаласты бақылауға алған. Мамандар қауіпті учаскелердің бойына ескерту белгілерін орнатуда.

Болатбек АЙТБАЕВ, “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp