
Қазақ халқының тіршілігінде ерекше орын алатын, ертеден аталып келе жатқан мейрамның бірі – Көрісу күні. Бұл мереке әз-Наурыздың бастауы ретінде тойланады. Күн мен түннің теңесетін, қардың еріп, табиғаттың қайта жанданатын кезінде тұрғындар ерекше көңіл күйге еніп, шат-шадыман болады. Мал төлдеп, жұрттың аузы аққа тие бастайды. Сондықтан халқымыз амал мерекесін жаңа жылдың басы – Ұлыстың ұлы күнімен бір дәрежеде атап, зор қуанышпен қарсы алған.
Көрісу – көнеден келе жатқан мейрам. Бұл мерекені тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері бар. Ежелгі түркілер оған ерекше дайындалғаны жайында тарихи деректерде айтылады. Алты күн садақ тартып жаттыққан соң жетінші күні алтын теңге – жамбыны атып түсірген мергенге бір күн патша болып, ел билеуге ерік берілетін болған. Ал ежелгі сақтар мен ғұндар заманында бұл мейрамның болғандығын халық аузында қалған қазан туралы аңыз аңғартатындай. Қуатты сақ елінің бірлігі бұзылып, алауыздық жайлаған кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Қазанды жасайтын мыс табыла қоймағандықтан, сақ сарбаздары жебелерінің ұшындағы мысты жинап, содан тайқазан құяды. Сол қазанға пісіріліп таратылған тағамнан дәм татқан сақтар өзара өкпе-наздарын ұмытып, қайтадан татуласып, осылайша ел бірлігі сақталып қалған екен.
Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан, оның әр аймағында көктем бір уақытта келмейтіні аян. Бір шетінде көктем шығып жатқан кезде екінші бөлігінде қыстың ызғары әлі қайтпай тұрады. Сондықтан бұрындары әр облыста көрісу салты ерекшеленіп, бір-біріне ұқсамайтындай етіп атап өтілетін болған. Мәселен, Жетісу өңірінде ақпанның ортасынан ағайын-туыс қыстан аман шыққанына орай үй-үйді аралап, бір-біріне амандық-саулық тілесе, амал күні оңтүстіктің бірқатар өңірлерінде жыл басы нәуірзек, көктұмсық торғайдың ұшып келуімен тұспа-тұс тойланып келген. Ал салт-дәстүрге берік Батыс Қазақстан тұрғындары Наурыз мерекесіне бес күн қалғанда ауыл-ауылды аралап, қыстан аман шыққандарына тәубешілік етеді. Ал Орталық Қазақстан халқы көрісуді Үркердің аспанның батыс бөлігіндегі жас Аймен тоғысуына қарап кешірек қарсы алған екен.
Бүгінгі күні ел бойынша Көрісу мейрамы 14 наурызда аталып өтеді. Халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң атысымен, бір-бірін көруге асығып отырған әрбір отбасы дастарқан жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, тәтті-жұмсағын үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір-біріне “Бір жасыңмен!” дейді. Бұл: “Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен” дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері үлкен үйге бірінші кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Қазақ қашанда дастарқанын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Біреуге реніші бар адамдар өкпесін ұмытып, ренжіскен адамына кіріп көріседі. Сөйтіп, арадағы қарым-қатынастағы салқындықтың жібі үзіліп, адамдар бір-бірімен қайта табысады.
Әжелер мектебінің мүшелері жыл сайын мектептерге барып, аталмыш мерекені бар сән-салтанатымен атап өтуде. Ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, оқушылар мен мұғалімдердің басын қосып, жақсы отырыстар өткіземіз. Көрісуге келген әрбіріміз бір-бірімізге “Бір жасыңмен!” деген тілек білдіріп, келе жатқан жыл берекелі болуын айтып, ақ батамызды береміз. Шаттық пен қуанышқа, молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Наурызды қарсы алады. Тағы бір айта кетерлігі, көрісу адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін қазақтың ежелгі салты. Көрісу салты бір күнмен ғана шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғасып, ауыл аймақ болып тойлана береді.
“Қызылжар” орталық мешіті жанындағы әжелер мектебінің мүшелері жас ұрпақ арасында амал мерекесінің мән-маңызын түсіндіру мақсатында облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында білім алатын жас ұрпақ өкілдерімен де кездесіп, ежелгі дәстүріміз жайында танымдық шаралар өткізеді. Колледждерге барып, амал күнін насихаттау мақсатында “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырмақпыз. Балалар қазақ даласында кеңінен тараған мереке туралы шағын қойылым сахналап, білім сайысын ұйымдастырмақ. Сондай-ақ, біз бірнеше жыл қатарынан Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде өткен көрмеге қатысып, жастарға ежелгі әдет-ғұрып, салт-дәстүр жайында тың мағлұматтар беруге тырысудамыз. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, бабалар дәстүрінің қадір-қасиетін арттыруды мақсат еткен шарада дастарқан жайылып, мектеп оқушылары үлкендердің ақ батасын алуды игі дәстүрге айналдырған.
Сәлима қажы АТАЖАНҚЫЗЫ,
“Қызылжар” орталық мешіті жанындағы әжелер мектебінің жетекшісі.