Биылғы жылы да өңіріміз Шығыстың Жаңа жылы – Наурыз мейрамын сән-салтанатпен қарсы алмақ. Облыс бойынша 600-дей шара ұйымдастыру жоспарланып отыр. Олардың дені мәдениет, білім және спорт салаларында өткізіледі.
Төл өнеріміз – айтыс республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Облыс орталығында өтетін аламанға еліміздің 9 өңірінен ақындар келіп, өрелі ой мен сөз жарыстыратын болады. Сонымен қатар өңірімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген киіз үйлер байқауы да жоспарланып отыр.
Бұқаралық шаралар 21 наурыз күні Петропавл қаласының Орталық алаңында басталады. Қызылжарлықтар мен қала қонақтары тегін таратылатын наурызкөжеден дәм татып, бауырсақ, палаудан ауыз тиеді. Демалушыларға буы бұрқыраған ыстық шай да ұсынылмақ. Палау басу үшін 10 қазан орнатылып, 9000 бауырсақ пісіріліп, 30 үстел қойылады.
Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік бағдарлама, көңілді тапқырлар клубының “Наурыз кубогы” облыстық фестивалі, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында мерекелік концерт өтеді.
Үстіміздегі аптадан бастап мұражайлар мен кітапханаларда көрмелер, экспозициялар, көңілді және танымдық бағдарламалар ұйымдастырылса, театрларда мерекелік спектакльдер мен қойылымдар көрсетіледі. Білім беру ұйымдарында Наурыз тақырыбына арналған сынып сағаттары, ертеңгіліктер, салтанатты жиындар және концерттер өткізу жоспарланған.
Өңірдің 13 ауданында спорттық шаралар – грек-рим күресінен облыстық чемпионат, шаңғы жарысы, баскетбол, көркем гимнастика бойынша облыстық чемпионаттар, сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілмек.
Облыстағы ұйымдарда, мекемелерде, кәсіпорындарда соғыс және еңбек ардагерлерінің, құрметті азаматтардың, ғылым және өнер саласының өкілдерінің қатысуымен салтанатты жиналыстар ұйымдастырылады.
Ұлыстың ұлы күнінде тұрғындардың әлжуаз топтарына қайырымдылық көмек көрсетіледі. Әсіресе, партия филиалдары, жастар ұйымдары аудандарда және облыс орталығында бірқатар қайырымдылық акцияларын өткізбек. Облыстық зағиптар қоғамында қайырымдылық концерті, ал медициналық-әлеуметтік ұйымдарда мерекелік бағдарламалар өткізу жоспарланып отыр.
Қайырымдылық акциясы барысында мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар “Нептун” аквапаркінде, “Семейный” сауда үйіндегі “Киндер ленд”, “Тайга” сауда үйіндегі “Мадагаскар” аттракциондарында, “Аттракциондар әлемінде”, қалалық мәдениет және демалыс саябағында тегін демалатын болады.
Жиырма шақты өңдеуші өнеркәсіп пен көтерме фирма қалалықтарға азық-түліктерді арзан бағамен сататын болады.
21-22 наурызда этномәдени бірлестіктердің қатысуымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ғимаратының алдында “Достық дастарқаны” жайылады.
22 наурыз күні Орталық алаңда этноауылдардың қатысуымен негізгі мерекелік шаралар жалғасып, сахналық және спорттық алаңдар орнатылады.
23 наурызда тұрғындар “Армысыз, әз-Наурыз!” концерттік-ойын-сауық және “Салтымызды сақтайық” балаларға арналған театрландырылған-танымдық бағдарламаларын тамашалайды.
Елді мекендерде көшелерді және алаңдарды мерекелік безендіру, Наурыз мейрамы өтетін орындарды абаттандыру жоспарланып отыр. Облыс бойынша 28 тақырыптық баннер орнатылады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.