«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЙЕЛГЕ ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАУ — ЕРКЕКТІҢ ӘЛСІЗДІГІ

Күйбің тірліктен бас көтере алмайтын абыр-сабырға толы күндердің бірінде ұялы телефоныма қоңырау шалған бала күнгі құрбымның діріл қаққан даусынан қолайсыз жағдайдың орын алғанын бірден түсіндім. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін кездесіп, әңгімелескісі келетінін айтты. Мән-жайды анықтау үшін ұсынысын бірден қабылдап, кездесу орнын белгілеп, сол сәтті тағатсыздана күтумен болдым. “Не болып қалды екен?” деген мазасыз ойдың жетегінде жүріп, сағатыма қайта-қайта қарап қоямын.

“Мен күйеуімнен ажырасуға шешім қабылдадым”, – деп әңгімесін бастаған ол, осы күнге дейін ержетіп келе жатқан ұл-қызы үшін бәріне де шыдағанын жанары жасқа толып отырып айтқанда, оның сөзіне сенер-сенбесімді білмей абдырап қалдым. “Не айтарымды да білмей отырмын, бәлкім әлі де ақылға саларсың”, – деген сөздерім оны райынан қайтара алмасын түсінсем де, шаңырағы шайқалғалы тұрған отбасын сақтап қалмақ болып “ойлан” дедім. Сырт көзге өнегелі отбасындай көрінетін олардың арақатынасының осыншалықты шиеленіскеніне илана алар емеспін.

Шынымен де, бүгінгі қоғамда сырты бүтін, іші түтін отбасылар аз емес. Біреулер шаңырақтың шайқалуына ер-азаматтарды, ал екінші тарап әйелдердің өздерін кінәлап жатады. Әрине, біреуге кінә артудан аулақпын, бірақ ата-аналардың көпшілігі перзент алдында жүгі ауыр жауапкершілікті сезіне алмайтыны өкінішті-ақ. Құрбым айтқан сөзінде тұрып, күйеуінен заңды түрде ажырасты.

Қиын күндерде құрбымның жанынан табылуды достық парызым санағандықтан, бұрынғыдай емес бұдан кейін оған жиі-жиі ат ізін салып тұратын болдым. 15 жыл бойы өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан ерлі-зайыптыларға ажырасудың жеңіл тимейтіні анық. Бірақ менің қайсар мінезді құрбым жан жүрегіндегі ауыр дертке мойынсұнған жоқ, керісінше, есін тез жинады да, еңсесін тіктеп, қатарға қосылды. Алғашында балаларға отбасындағы қиыншылықтар ауыр тиетін шығар деп ойлаған едім. Қателесіппін, әкесінің дөрекі мінезінен мезі болғандықтан ба, әлде анасына жасаған әлімжеттігі шаршатты ма екен, олар да соншалықты қайғырып, жасыған жоқ.

Жанымда жүріп, іштегі қайғысын сездірмеген жан досым секілді қаншама қыз-келіншектер күйеуінің таяғынан көз аша алмай жүр десеңші. Облыстық ішкі істер департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімінің бастығы Қайсар Қанафиннің айтуынша, әсіресе, біздің қыз-келіншектердің арасында күйеуінің әлімжеттігіне мойынсұнып, тиісті органдарға шағымдануды ұят санайтындар көп. Бірақ, мұның соңы жақсылыққа апарып соқпайтыны белгілі. Бүгінгі күні шаңырақ иесінен жапа шеккен 150-ге жуық әйел құқық қорғау органының есебіне алынған. Өткен жылы отбасылық жанжал салдарынан 8 қылмыстық оқиға тіркеліпті. Тәртіп сақшылары жылына бірнеше мәрте полиция есебінде тұрған отбасыларын аралап, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты азайту мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Петропавл қалалық №2 сотының судьясы Қалжан Ермағамбетова күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдердің де бар екенін айтады. Ол: “Маскүнем жұбайынан жапа шеккен қазақ келіншегінің ит қорлыққа ұзақ жылдар бойы шыдап келгенін, әбден төзімінің таусылғанын егжейлі-тегжейлі баяндаған арызын оқығанда бүтін бір отбасының өмірі көз алдымда тізбектеліп өтіп жатты”, – дейді. Бірақ бақытсыз әйел діттегеніне жете алмай, қаныпезер күйеуінің қолынан ажал құшыпты. Судья атап өткендей, қазіргі жастардан мұндай көнбіс мінез байқалмайды екен. Кеше ғана шаңырақ көтерген жас отбасылар ұсақ-түйек проблемалардың өзін ауырсынып, жұбайлық өмірдің қиындығына төзбей, қолды бірақ сілтейтін көрінеді. Ал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соттың төрайымы Несібелді Жәнібекова ата-анасының араздығы жас баланың жүрегін жаралайтынын өз тәжірибесінен біледі. Бұзақылық жасап, сот алдына келетін жасөспірімдердің арасында толық емес отбасы балаларының үлесі басым көрінеді. Әрине, ұрыс-керістің жетегінде жүрген ата-ананың бала тәрбиесіне уақыт таба алмасы анық.

“Жылдар бойы ерінің тепкісіне шыдап жүру қазақ қыз-келіншектеріне ғана тән шығар. Мұны батырлық деп бағалауға болмайды. Ананың көз жасы баланың жүрегін қатайтып, әкеге деген өшпенділігін өршітеді”, – дейді әйелдерді қолдау орталығының жетекшісі Алина Орлова. Бұл орталыққа ұлтымыздың аяулылары бас сұқпайтын көрінеді. Әйтпесе, көмек сұраған қыз-келіншектерді кеудеден итермейміз, – дейді ол. Тағдырдың тауқыметінен пана іздеген нәзік жандарға қол ұшын беретін орталықтың бар екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан үй ішіндегі айғай-шуды сыртқа шығарғанымен барар жері, басар тауы жоқ қаншама әйел күйеуінің күш көрсетуіне лажсыз көніп жүр.

Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда лайықты өмір сүру әркімнің маңдайына жазылмаған. Десек те, ананың орны бөлек екенін ұмытпағанымыз жөн.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp