Ырысы мен ынтымағы ұйыған, берекесі мен мерекесі таусылмаған, бақытты, абыройлы отбасыларды ел алдына шығару – игілікті шара. Осындай мақсатқа ұмтылған облыстық іскер әйелдер қауымдастығы кеше “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында кезекті кездесу өткізіп, “дөңгелек үстел” басына білікті, білімді, қоғам жұмысына белсене араласып жүрген нәзік жандарды жинады. Бала тәрбиесін уысынан шығармаған отбасы институтын насихаттап, көпбалалы аналарға, кәсіпкер әйелдерге үнемі қолдау көрсетіп отыратын облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева қоғамдық тыңдауда “Отбасылық құндылықтарды насихаттау және әйелдерді саяси қолдау бойынша шаралар кешені” атты жобаны жүзеге асыру барысында облыс бойынша істелген нақты жұмыстарға тоқталып өтті.
Жиын барысында отбасындағы әке мен ананың рөлі, бала тәрбиесі, саясат әлеміндегі әйел адамның алар орны тілге тиек етілді. Сондай-ақ, жиынға қатысқандар қыз-келіншектерді қоғамдық жұмыстарға барынша тарту үшін ұсыныстар айтты.
Шара соңында Бақытжан Сәмиева “Мектепке жол” акциясы аясында қауымдастық өз қамқорлығына алған 20 балаға аяқкиімдер сыйлады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.