Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова Санкт-Петербург қаласында өткен Еуразиялық әйелдер форумына қатысты. Әлемнің 77 елінен 700-ден астам делегат келген салиқалы форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық ассамблея кеңесінің шешімімен ұйымдастырылды.
Форумның жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының әлеуметтік және гендерлік саясаты: нақты қадамдар мен перспективалар” тақырыбында баяндама жасаған Гүлшара Әбдіқалықова біздің еліміз Бүкіләлемдік экономикалық форумның Жаһандық гендерлік теңдік рейтингісі бойынша 43-орында екендігін атап өтті. Мемлекеттік хатшы Қазақстан әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда өздерін жаңа қырынан таныту үшін барлық мүмкіндігі бар екенін айтты.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Санкт-Петербург қаласындағы Еуразиялық әйелдер форумының екінші күні бірқатар кездесулер өткізді.
Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Н.И.Качановамен кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова екі ел арасында өзара сенімге құрылған жылы қарым-қатынас орныққанын айтты, сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда Қазақстан мен Беларусь елдерінің көшбасшылары елеулі рөл атқарып келе жатқанын атап көрсетті.
Әзірбайжан Республикасының Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрайымы И.Гусейновамен және Оңтүстік Африка Республикасы Ұлттық ассамблеясы төрағасының орынбасары С.Тсенолимен Гүлшара Әбдіқалықова әйелдерге қатысты заңнама және құқық қолдану тәжірибелері, ана мен баланы қорғау, “ЭКСПО – 2017” көрмесіне қатысу мәселелерін талқылады.
Халықаралық еңбек ұйымы Бас директорының орынбасары Сандра Поласкимен кездесуде тараптар еңбек қатынастарын реттеу және еңбекті қорғау саласының маңызды мәселелері бойынша пікір алмасты. Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған Бес институттық реформасының, Ұлт жоспары – “100 нақты қадамның”, сондай-ақ, “Нұрлы Жол” жаңа экономикалық саясатының іске асырылу барысы, Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңғырту, сондай-ақ, ТМД-да жастарды еңбекпен қамту саласындағы саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған ХЕҰ техникалық ынтымақтастық жобасын қарастыру барысы туралы әңгімеледі.
“Akorda”.