Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында «Ауыл әйелдері – ел мақтанышы» деген атаумен әйелдер форумы өтті. Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылды. Есіл ауданының әкімдігі мен «Ауыл» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған форумға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, облыстық фтизиопульмонологиялық орталық, үкіметтік емес ұйымдар қолдау танытқан.
Форумға Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаева, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев қатысты.
Мереке Тілеужанұлы белсенді нәзік жандардың басын қосқан игі бастамаға сәттілік тіледі. Ал одан кейін сөз алған Әйгерім Сәрсенбаева жиналған қауымды партияның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қазіргі таңда «Ауыл» партиясы саяси аренадағы орны нық, салмақты институттың біріне айналды. Сайлауларда айтарлықтай жеңіске жетпесе де, ел үмітін ақтау жолында бар күшін сарп етіп келеді. Облыстық, аудандық мәслихат сайлауларында 237 үміткер жеңіске жетіп, жергілікті органдарда партияның өкілеттік ықпалы күшейді.
Партияның «Ауыл төрге шықсын» деген ұраны бекер таңдалмаған. Көзделген мақсат – ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажын билікке жеткізу үшін Парламент төрінен орын алу. Қазір партияның сегіз мүшесі – Мәжіліс депутаты. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын партия мүшелерінің орта жасы шамамен алпыс жас болса, өткен жылғы партия съезінде жастардың қатары артқаны аңғарылды. Олардың бар күш-жігері ауылды дамытуға жұмылдырылған. Себебі ауылдың бүгінгі тіршілігі көңіл жабырқатады. Бұрынғы кеңшарлар тарап, олардың орнында қалған жеке шаруашылықтар ауылды көтеруге қауқарсыз. Ауылдықтар маңдай терімен тапқан еңбегінің тәтті нанын жей алмай отыр.
«Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қайрат Пішенбаев әйелдің табандылығымен ел еңсесін тіктеп, мейірімімен гүлденеді деген ойын айтты. Себебі ауыл әйелдерінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегі орасан.
Форумға қатысушылар аудан кәсіпкерлерінің және шығармашыл қыз-келіншектердің көрмесін тамашалады. Көрмеге жиналған қауым Гүлстан Жарасбаеваның сабынына, Ұлбике Нарымбайдың ұлттық киімдеріне, Нұрсәуле Жайлаубайдың құрақ көрпесіне, Эльвира Жахинаның қағаздан жасалған экоөнімдеріне қызығушылық танытты. Гүлстан Кәменқызы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан отандық өнімді дамыту бойынша бес миллион теңге грант ұтып алған екен.
Форум барысында ұйымдастырылған тренингтер кәсіпкер қыз-келіншектердің көңілінен шықты. Арнайы шақырылған мамандар «Қазіргі әлемдегі жасанды интеллект: ауылдық өңірлер үшін жаһандық сын-қатерлер мен мүмкіндіктер», «Шешендік өнер және коммуникация құпиялары», «Жеке бренд және заманауи әйел-көшбасшы бейнесі» тақырыптарын қаузады.
Перизат ӘМІР,
«Soltüstık Qazaqstan».