Күнделікті өмірде әйелдердің табысты болуы қоғамға игі әсер ететіні сөзсіз. Бұл адамзат прогресінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылатынын да атап өткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Әлемде мемлекеттің даму деңгейін анықтайтын көптеген критерийлер қалыптасқан. Алайда, өмірдің барлық кезеңдерінде кез келген қоғамда ұлттың адамгершілік қырын анықтайтын басты жайттың бірі, бұл, әрине, әйелдерге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға деген көзқарастың берік орнағандығы”, – деп, халқымыздың нәзік жандарға деген құрметіне ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде гендерлік теңдік саясатын жоспарлы жүргізіп, бұл мәселеге ұдайы көңіл бөліп келеді.
Елімізде әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында үлкен жұмыс атқарылды. 1998 жылы Қазақстан нәзік жандарға қатысты шектеудің барлық түрлерін жою жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына қосылды. Сонымен қатар еліміз БҰҰ-ның “Әйелдердің саяси құқықтары туралы”, “Тұрмыс құрған әйелдердің азаматтығы туралы” конвенцияларына қол қойды. Халықаралық еңбек ұйымының алты конвенциясын, соның ішінде “Ерлер мен әйелдердің еңбегін тең дәрежеде бағалау туралы” құжатты қабылдауы да мемлекетіміздің арулар қауымына деген қамқорлығының бір белгісі іспетті. 2009 жылы елде “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдігі туралы” Заң қабылданды. Бұдан соң “Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының концепциясы” бекітілді. Онда мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсат-міндеттері айқындалды. Ерлер мен әйелдердің міндеттері мен мүмкіндіктері белгіленіп, жынысына қарай дискриминациялаудың барлық түрлеріне жол бермеу жолдары нақтыланды. Бұл құжатта әйелдер қауымы қоғамның барлық салаларында қызмет етуге құқылы екендігі жан-жақты көрсетілген.
Бүгінде әйелдер өзге салалармен қатар кәсіподақ жұмысына да белсенді араласуда. Біздің өңір бойынша кәсіподақ мүшелерінің 53 пайызы – нәзік жандар. Олар салалық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарын басқарып, атқарушы биліктің жұмысына белсенді қатысуда. Сондай-ақ, аналар әлеуметтік серіктестік бойынша үшжақты комиссия ісіне араласып, еңбек етуші әйелдердің мәселелерін қозғауға, әлеуметтік-еңбек қатынастары тұрғысындағы маңызды проблемаларды шешуге атсалысып отыр. Бүгінгі күні облысымыз бойынша энергетика, пошта байланысы, көлік, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, орман шаруашылығы мен өзге де салаларда құрылған кәсіподақ ұйымдарын әйелдер басқарып отырғанын мақтанышпен атап өтуге болар. Бұл осызаманғы экономикалық жағдайда еңбек ұжымдарындағы гендерлік теңдікті дамытуға зор мүмкіндік туғызып отыр.
Қазір нәзік жандардың құқықтары жан-жақты қорғалады. Еңбек шартын жасасу және бұзу, бос жұмыс орындарына орналасу, еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру, қауіпсіз еңбек шарттарын ұсыну жағдайлары заң талаптарын орындай отырып, жүзеге асырылады. Еңбек кодексіндегі құқықтық нормалардың сақталуына кәсіпорындардың ұжымдық келісімшарттарының көмегі көп. Аталмыш ұжымдық келісімшарттар әйелдердің де, жұмыс берушінің де жауапкершілігін арттыруға, еңбек ету жағдайларын жақсартуға жол ашуда. Мысалы, “Молсервис” ЖШС, “Қазпошта” АҚ-ның облыстық филиалы өз қызметкерлері босанған немесе тұрмысқа шыққан жағдайда бірреттік төлем жасайды. Өңіріміздің өзге кәсіпорындары жұмыс беруші мен кәсіподақ қаржысы есебінен балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік берді. Бір айдан астам уақыт бойы еңбекке жарамсыз болған әйелдерге жәрдемақы төлеу “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ мен “Азия-Тораңғұл” ЖШС-інде игі дәстүрге айналған. Сондай-ақ, аталмыш зауыт жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тамамдаған жас мамандарға 5-10 пайыз көлемінде қосымша ақы төлейді. Өзге кәсіпорындар жүкті әйелдерді декреттік демалыс алдында ақысы төленетін бір айлық еңбек демалысына жіберіп, оларға бірінші қыркүйек күні еңбекақысы төленетін бір күндік демалыс ұсынады. Ал “Қазпошта” АҚ-ның облыстық филиалы мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға айына бір рет ақысы сақталатын бір күндік демалыс береді. “ПЗТМ” АҚ, “Көкжайлау Грейн”, “ТНС – 2020” және “Фирма “Алекри” ЖШС-лері 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге 2-3 жұмыс күнін қамтитын қосымша демалыс беруді қолға алған. Және бұл жағдайда кәсіпорындар нәзік жандардың еңбекақысын сақтайтынын да атап өткен жөн.
Ұжымдардың ішінде мерейлі жасқа келген қыз-келіншектерге қаржылай көмек беретін кәсіпорындар да баршылық. Мысалы, “Келлеровское” ЖШС-і 50 және 55 жасқа толған қызметкерлеріне еңбек өтіліне байланысты бірреттік еңбекақы көлемінде сыйақы тағайындап келеді.
Бүгінгі күні кәсіподақтар қыз-келіншектерді қолдау бағытындағы Президенттің бастамасына орай әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілерге бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олар, негізінен, көпбалалы және жалғызбасты әйелдерге, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға қатысты. Сонымен қатар кәсіподақ белсенділері әйелдерге қолайлы жұмыс орнын қалыптастыру мақсатында еңбек заңнамасына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.
Людмила ГОЛЕНКОВА,
облыстық кәсіподақ орталығының бас маманы.