“Үйлену оңай, үй болу қиын” дейтін халықпыз. Оңай мен қиын, ауыр мен жеңіл, ақ пен қарадан тұратын өмірде шаңырақты шайқалтпай ұстау – үйленген екі жасқа ортақ міндет. Дегенмен, үйдің берекесін келтіретін әйел затына артылатын жүк ауыр. Халық арасында қалған мына бір өсиет сөздердің келіндерге пайдасы зор болар:
— Қанағатшыл бол. Жұбайың үйге не алып келсе де, оны жақсы көңілмен қарсы ал. Бақытты өмір сүрудің бірден-бір жолы өз жағдайыңа тәубешілікпен қарап, барға қанағат ету. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ондай жағдайда отағасы ашу шақырып, қаһарына мінбей, өзіне сай ұстамдылықпен, ал əйел баласы өзіне тəн нəзіктік пен сыпайылығын сақтап мəселені бейбіт шешулері қажет.
— Жұбайыңның айтқандарын екі етпей, орындауға тырыс. Үй ішінің тазалығына көңіл бөл. Ер-азаматың жұмыстан шаршап келгенде, оның бар жағдайын жасауға дағдылан. Әдемі болып, әдепті жүрген де артықтық етпейді.
— Жұбайыңның тамағын уақытында әзірле. Ол үйге келген кезде астың дайын тұруы маңызды. Есіңізде болсын, қарны аш адам ашуланшақ келеді.
— Жұбайыңның мал-мүлкіне, жиған-тергеніне абай бол. Оларды ұқыптылықпен сақта. Артық сөз, артық тамақ, артық ұйқы да ысырапқа жатады. Тіпті, уақыт пен денсаулықтың қадірін білмеудің де зияны мол.
— Жұбайыңның ата-анасын, туғандарын, жора-жолдастарын сыйла, өз туысыңдай көр. Отағасының разылығы үшін оларды құрметтей біл.
— Жұбайыңның сырын, үйдегі болған жайттарды өзгелерге айтудан аулақ бол. “Үй сыртында кісі бар” дегендей, өзіңе құпия түрде айтылған әңгіме өзгенің ойымен араласып, отбасы тыныштығына зардабын тигізуі мүмкін.
— Кез келген істі қолға алғанда жұбайыңмен ақылдасқаның дұрыс. Бұлай болмаған жағдайда араларыңда түсінбеушілік пайда болуы мүмкін.
Сайран ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
зейнеткер.