«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ өлең болып өрілді

Сырты сары-көк түсті кітапты қыса ұстап, өмірінің өткен күндерін еске түсірмек болған қария бір сәт үнсіз қалды. Жүзінде толқу. Мұқабасында “Саумалкөл самалы” деп жазылған кітапты парақтап, әрлі-берлі төңкерді. Іздегенін тапқанша сабырлық сақтап мен де отырмын.

– Міне, мына өлеңімді көрсетейін деп едім, айналайын, – деді ол “Әжемнің әлдиі” деген өлеңді саусағымен нұсқап.

Менің жанталаса өлең шумақтарын оқып жатқанымды көріп, өзінің көңілін орнықтырғысы келгендей кеудесін кере бір күрсініп алды да, қасында жатқан әскери киім киген ер-азаматтардың суретіне тесіле қарады. Өлеңді мұқият оқып шыққан мен одан немересін тізесіне салып, тербетіп, соғысқа кеткен баласын жоқтап отырған кейуананың бейнесін көз алдыма елестетіп, әңгімені әрі қарай өрбітуге сыңай білдіргендей қарама-қарсы отырған қарияға қарадым.

– Бұл өлеңнің желісі әжемнің әлдиіне негізделіп жазылған. Әкем майданға аттанған кезде мен жөргекте жатқан алты айлық бала екенмін. Соғыста мерт болған баласына деген сағынышын маған қарап тарқатса керек. Ата-әжемнің қолында өстім. Ал мынау суретте әкем әскерде жүрген кезде жолдастарымен түскен, – деп алдында жатқан суретті маған қарай ысырды.

Бұл айыртаулық Бақыт Әбділманова деген апайымыз болатын. Сөмкесінен кітабын, газеттің қиындылары мен суреттерді алма-кезек шығарып, оларда шертілген сырмен бөліскісі келгендегі ойы, біріншіден, 75-ке келген қарияның жүрегін талай жылдар бойы сыздатқан әкеге деген сағынышы жетелесе, екіншіден, өзіне ардақты жандардың есімдерін тағы бір еске алып, аруағын разы етпекші болғаны шығар деп түйдім. Олай деуіме: “Мен ата-әжемнің өзіме деген шынайы сүйіспеншілігімен өскен адаммын. Бірақ әкеден ерте айрылып, оған деген сағыныш мені әлі күнге дейін іш құса ететінін мойындаймын”, – деп білдірген ойы түрткі болды.

Алдымда жатқан майдангерлер суретіндегі өрімдей сегіз солдаттың бейнесі адамды бір сәт терең ойға тартады. Жиырмадан енді ғана асқан жігіттердің жүздерінен жылылық, көңілдерінен салмақтылық, жанарларынан от байқалады. Алмағайып заманның оқиғаларына мойынсұнып, өздерінің ер-азамат болып жаратылған болмысын танытуға асықтыратын жалындаған жастық шақ-ай десеңші?! Суреттің сыртында латын әріптерімен: “Балбырауын жас өмірдің қызыл шоқтай ыстық шағында міндетті Қызыл Армияда қызмет өтеп жүрген кезең”, – деп жазылып, ондағылардың аты-жөні мен қай жерден екендігі тізбектеліпті. Бүгінде бұл суреттегі адамдардың бірді-бірі ортамызда жоқ. Олардың қайсыбірінің зұлмат соғыстың құрбаны болып, майдан даласында жер жастанып жатқанына жетпіс жылдан асса, ал бір-екеуі елге аман-есен оралып, туған жерінің топырағына табанын тіреп, отбасымен, жақындарымен қауышу бақытына ие болса да, бүгінде олар да бұл өмірде жоқ. Ойымды Бақыт апайдың дауысы бөліп жіберді.

– Бұл суретке әкем жолдастарымен Владимир деген қалада 1940 жылдың 1 тамызында түсіпті. Ол жаққа әскери міндетін өтеу үшін алынған болатын. Қасындағылардың көбі – жерлестері. Сол кеткеннен әкем елге оралған жоқ. Кешікпей соғыс басталды. Бірінші болып жаудың оғына кеудесін тосқандардың бірі – осы суреттегі жауынгерлер. Әжемнің айтуынша, әкем әскери міндетін орындауға аттанып бара жатып, көп ұзамай соғыстың басталатынын, өзінің сонда аттанатынын сезіпті. Осылардың ішінде елге аман оралған Жақия Баймақанов екенін білемін. Ол біздің ауданның Шүкіршілік ауылынан болатын. Сондай-ақ, әкеммен үзеңгілес дос болған, майданнан аман-есен оралған замандастары Самат Біләлов пен Есентай Мұқановты көргенде көз алдыма әкемнің суреттегі бейнесі елестейтін. Есентай аға – менің алғашқы ұстазым болған кісі. Әкеме мен талай өлең арнадым.

“Әкелеп” жаныңа еріп

жүргенім жоқ,

Бала боп шаттана бір

күлгенім жоқ.

Әкесін көріп өскен балалардың,

Шынында, өлседағы арманы жоқ, – деген өлең жолдарын оқыған Бақыт Ағзамқызының жанарын мұң басты.

Әкесі Ағзам Әбділманов 1942 жылдың қыркүйегінде қаза тапқан. Өкінішке қарай, ел-жұртына оның қай жерде, қай елдің топырағы бұйырғаны туралы хабар жетпеген. Бақыт апай әкесінің көзі ашық, көкірегі ояу жан болғанын әжесінің аузынан талай естіген. Ол әскер қатарына алынар алдында Алматы қаласына барып, мұғалімдік білімін жетілдіріп келіп, елде ұстаздық етіп жүріпті. Әжесі бауыр еті – баласы туралы немересіне талай рет жанары суланып, жаны езіле отырып әңгіме айтса да, ол кезде Бақыт апай жас болғандықтан, біраз сөздің төркінін түсіне алмағандықтан, бүгінде әкесі туралы естелігі еміс-еміс екеніне өкінеді. Алғашқы ұстазы Есентай Мұқанұлының: “Үздік оқы, әкең сияқты мұғалім боласың”, – деген ақылын тыңдап өскен Бақыт Ағзамқызы әкесінің ізін жалғастыруды өзіне парыз етіп, ұстаздықтың жолына түсіп, 30 жыл абыройлы қызмет атқарған. Сондай-ақ, ақындыққа да таласы барын байқатып, сезімін өлең сөзбен өрнектеуді ұнататынын да білдік. Бүгінде оның екі кітабы жарық көрген.

– Мен зейнетке шығар алдында қатты науқастанып қалдым. Жүріс-тұрысым ауырлап, төсекке таңылып қалған күндер де болды. Осы кезде санама неше түрлі ойлар келіп, ұйқасты сөз тіркестері тілімнің ұшын жыбырлатады. Қиналған сәттерде түсіме әкем енеді. Оянған кезде оған деген сағыныштан жүрегім қатты сыздап жатады. Ішкі шерімді тарқатқым келіп, оған арналған сөздерімді дауыстап айтып қоямын. Сол кезде әкеме арнау өлеңім көкірегімді жарып шығады, – дейді қария.

Бақыт Әбділманованы айыртаулықтар мейірімді, ойы терең, сөзі майда, жаны жайсаң адам ретінде таниды. Оның өнегелі өмірін үлгі тұтатындар да баршылық. Бақыт Ағзамқызының екі кітабын парақтаған жерлестері оның ішінен өздерінің ата-анасына, жора-жолдастарына, бауырларына арналған өлеңдерді оқып, көңілдері жай табады. Ол соғыс тақырыбына көп қалам тартқан, әсіресе, оның әкесі жайлы өлеңдерін жұрт сүйсініп оқиды. Бақыт апайдың Айыртау өлкесінің әсем көріністеріне, туған жеріне арнаған өлеңдерінен оның ұлтжандылығын аңғарамыз.

Ауданның білдей бір ақыны ретінде танылған жанға жерлестері ардақ тұтқан адамдарға арнау өлеңдер жаздыру үшін жиі келеді. Сондықтан “Саумалкөл самалы” атты кітапта көптеген айыртаулықтардың есімдерін кездестіруге болады. Бақыт апай өзінің әдебиетке құмарлығы бала күнінен басталғанын айтады. Алайда, таңдауы физика мен математика пәндеріне түсіп, сол бағытта талай жыл сабақ беріп жүрген кезде сынып сағаттарында балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін әдебиет әлеміне жиі бой алдыратынын еске алады. Ол – Алматы қаласындағы Қыздар педагогика институтының (ЖенПИ) түлегі. Сондықтан елімізге әйгілі білім ордасы былтыр өзінің 70 жылдық мерейтойына Бақыт Әбділманованы қадірлі қонақ ретінде шақырып, төсіне мерекелік алтын медаль таққан. Өзінің өмір жолына есеп бере қараған Бақыт Ағзамқызының көңілі орнықты екенін көтеріңкі көңілмен айтқан әңгімесі аңғартты. Әкесінің бет-бейнесін суреттен ғана білсе де, өзі бала болып әкеге еркелей алмаса да, оның артында қалған жалғыз тұяғы ретінде әкесінің орындай алмай кеткен арманын жүзеге асырғаны үшін өзін бақытты сезінеді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp