Менің әкем Сұлтан Темірхановтың тағдыры өте ауыр, шым-шытырық бұралаң жолға толы болды. 1929 жылы 15 қазанда Жамбыл ауданы Киров (қазіргі Баймағамбет Ізтөлин) ауылында туған. Оның әке-шешесі дүниеден ерте озып (кейін білгенімдей аштықтан көз жұмған екен), жанарлары жаутаңдап, жетім қалған шиеттей екі баланы әжесі бауырына басады. Алайда қос қарашығын асырауға шамасы келмей, Майбалық мектеп-интернатына беруіне тура келеді. Әкем осында тәрбиеленіп, мектепті алтын медальмен бітіріп шығады. Жастайынан оқу-білімге құмартып өскен жасөспірімді жатса да, тұрса да журналист болсам деген асыл арманы асқақ шыңдары аспанмен таласқан Алатаудың баурайына жетелеп әкеледі. Соғыстың енді аяқталған шағы. Ел іші жүдеу. Жағалай жоқшылық. Жолға деп жинаған азын-аулақ ақшаны үнемдеп, Алматыға жеткені не керек, журналист маманын даярлайтын еліміздегі бірден-бір Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қабылдау емтиханы аяқталып қалғанын біліп, не істерін білмей әбден тығырыққа тіреледі. Есіне жерлесі Сәбит Мұқанов сап ете түседі. «Жетім қозы тасбауыр – маңырар да отығар» демекші, кішкентайынан қиындыққа шыңдалып, ерте есейген, бесіктен белі шықпай жатып-ақ оң- солын танып үлгерген бозбала сол кезде атағы дүркіреп тұрған халық жазушысы – Сәбит атасын тауып алып, оның көмегімен студент атанады. Еңселі оқу орны қабырғасында Мұхтар Әуезов, Төлеген Тәжібаев, Қайыржан Бекхожин сияқты есімі елге белгілі тұлғалардан дәріс алады. Әзілхан Нұршайықов, Естай Мырзахметовпен қатар оқып, кейін де жолдастық қарым-қатынасын үзбейді. Дипломдық жұмысын «Ғабит Мүсіреповтің газеттік очерктері» деген тақырыпта «беске» қорғап, университетті үздік бітіріп шыққан түлектің жастар қаласында қалуға мүмкіндігі бола тұра, кіндік қаны тамған туған жерге жеткенше тыным таппайды.
1951 жылы шілдеде сол кездегі өңірдегі бірден-бір ұлттық басылым — «Ленин туы» (қазір «Soltüstık Qazaqstan») газетіне жұмысқа қабылданып, бірден ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі қызметіне кіріседі. Алғыр, іске тындырымды жас маманның осы қасиеті ескеріліп, екі жылдан соң жауапты хатшы қызметіне тағайындалады. 1963 жылы «Ленин туы» жабылған соң Ақтөбе облыстық газетіне бөлім меңгерушісі болып барады. 1965 жылы туған жеріне оралып, қайта ашылған басылымда журналистік қызметін жалғастырады. Редактордың бірінші орынбасары лауазымын 15 жыл бойы абыроймен атқарып, газеттің сапалы шығуына, таралымының артуына үлесін қосты. Білікті басшы ретінде жастарға үлгі- өнеге көрсетіп, лайықты ізбасарлар тәрбиелей білді. Іскер ұйымдастырушы, белгілі журналист ретінде жұртшылық құрмет тұтты. Принципшілдігі, талапшылдығы үшін «темірдей Темірханов» деп атап кетті.
Әкеміз бен анамыздың шындықты бетке айтатын, қара қылды қақ жаратын мінезі бізге де жұққан. Үнемі «елдің ала жібін аттамаңдар, өз күштеріңе сеніңдер», – деп айтып отыратын.
Алма ӘБІЛМӘЖІНОВА.