«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕГЕ ХАТ

Әке мен бүгін Сізге хат жазып отырмын. Жүрегіме жиналған барлық ашу-ызаны бір сәтке ұмытып, сізбен емен-жарқын әңгімелескім келіп еді. Әдетте ұл балаға сырын ашып айту оңай емес. Бірақ жанымды қинаған ащы-мұңды бұдан әрмен көтеріп жүре алар емеспін.

Әке, бізді тастап кеткен күн есіңде ме? Мүмкін, сол күнді сен ұмытқан да шығарсың? Өйткені, арада 20 жыл уақыт өтіпті. Алайда, менің есімнен шыққан емес. Көзімді жұмсам, бос бөлме, бір бұрышта көз жасын сүртіп отырған байғұс анамның кескін-келбеті тұрады. Ол көп жылады. Маған көз жасын көрсеткісі келмей, кейде ұйықтап жатқан кейіп танытатын. Бірақ ерте әжім басқан беттеріндегі жас тамшылары бәрібір оның қатты қиналып жүргенін сездіріп қоятын. Шіркін, жан анам-ау, не ойлады екен? Мүмкін, дәл сол сәттерде сені келіп қалар деп тосқан шығар, әке. Ал сен болсаң, сол кеткеннен келмедің. Шаңырақты шайқалтып, отбасы, бала бақытын бір шөлмек араққа айырбастап жібердің. Мен де сені тостым ғой, әке, сен соны білесің бе? Күнде мектепке бара жатқанда, үйге қайтқанда көпшілік арасынан сені іздейтінмін. Саған ұқсаған біреуді көре қалсам: “Әке, әкетай”, – деп артынан жүгіретінмін. Сондағы бар балалық арманым сені тауып алып, үйге бірге оралу еді. Солай күндер, айлар өтіп жатты. Бірде мектепте мұғалім “Әкем асқар тауым” деген тақырыпта шығарма жазып келіңдер деген тапсырма берді. Мен қатты қиналдым. Алдымда жатқан дәптерге не жазарымды білмедім. Өйткені, менің ойымдағы және өмірімдегі әкем мүлдем екі түрлі адам еді. Бірі мен үшін ең жақсы азамат болса, екіншісі – баласын тастап кеткен қатыгез жан. Біріне-бірі қарама-қайшы екі адамның әрқайсысы менің жүрегімнен орын табуға күресті. Жаным тыныштық таппай, біраз отырдым. Ақыры еш нәрсе жаза алмадым. Сол күні сабаққа да бармай, ең бірінші рет анамды алдап “ауырып қалдым” деп жастықтан басымды көтермей ұзақ жаттым.

Туған әкем жайында бір ауыз да жылы сөз жаза алмағаным жанымды ауыртты. Қанша қиналсам да, анама білдірмеуге тырысып, ішімнен тындым.

Мектепті бітіргенде барлық оқушылардың ата-анасы келді. Ал мен болсам, жалғыз бардым. Анам байғұс маған керек ақша жеткілікті болсын деп жұмыстан қолы босамады. Ал сен, әке, сол кезде қайда болдың? Жалғыз ұлың мектепті аяқтап, жаңа өмірге аяқ басқалы тұрғанда неге менің қасымнан табылмадың, әке? Неге маған қол ұшыңды беріп, әкелік ақылыңды айтпадың?

Сол кезде мен сені қатты тостым ғой. Кейде көшеде еркелеп әкесінің қолынан ұстап кетіп бара жатқан балақайларды көргенде көзіме ыстық жас тығылатын. Әкешім-ай, сол балалардан менің қай жерім кем еді? Неге мені іздеп келіп, анамнан кешірім сұрап, бәрін қайта бастауға тырыспадың? Әлде отбасы сен үшін маңызы жоқ бос әурешілік болып көрінді ме?

Мен сенің сол күні кетерде анама айтқан сөздеріңді ұмытқан жоқпын. Біраз ұрыс-жанжалдан кейін киімдеріңді жинадың да: “Сен де, балаң да маған керек емессіңдер, енді өзімше өмір сүремін”, – деп есікті тарс жауып кетіп қалғансың. Сол сөздерің менің жүрегімді қатты жаралады. Тіпті, уақыттың өзі де емші бола алмағандай.

Жақында сені сыртыңнан көшеде көріп қалдым. Сенесің бе, сонша жылдар бойы сенімен күткен кездесудің сәті түскенде қасыңа жақындауға бата алмадым. Дүкеннің бір бұрышында алақан жайып тұрған мүсәпір күйіңді көргенде қасымдағы бір топ достарымнан ұялдым. Үндемей қасыңнан өте шықтым. Шіркін, өмір десеңші?! Анам екеумізді жылатып, есікті тарс жауып кетіп қалып едің, ақыры жеткен жерің осы екен ғой…

Жоқ, әке, мен сені сөкпеймін, тіпті саған өкпем де жоқ. Өйткені, бұл сенің өз таңдауың.

Осымен мен өз хатымды аяқтаймын. “Ер-азамат бола тұра жан сырын сонша ақтарғаны несі?” деп мені сөге-жамандамаңыз. Мен тек әке алақанының жылуын аңсап өскен жүздеген қара домалақтардың бірімін. Және осы хатымды бүгін солардың атынан жазып, баласынан безіп кеткен барлық әкелердің назарына ұсынамын. Мүмкін, біреу болмаса, біреу оқып, ойланар. Бір кездері кетіп қалған отбасыларына қайта оралып, балаларын бауырларына басар. Тек кеш болмаса игі…

Қарабала.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp