

“Әсем қала, құтты мекен болыпты,
Келбетіне қызығар…”.
Сазгер, журналист Шашубай Малдыбаев өзінің жетпіс жасқа толуына орай Оқушылар сарайында өткен әдеби-сазды кешті Қызылжар өлкесіне, жерлестеріне арнаған осынау әсем әнімен бастады. Шығармашылық кешке өнерсүйер қауым, мерейтой иесінің туыстары, әріптестері мен замандас достары жиналып, емен-жарқын әңгіме құрды. Ал залға жиналған жастар үшін бұл кездесу тағылымды, әдеби маңызы зор шара болғаны сөзсіз.
Шара барысында есімдері өңірімізге белгілі тұлғалар, мерейтой иесінің достары сөз алып, жылы лебіздерін білдірді, жетпістің төріне шығып отырса да, өнерден қол үзбеген азаматқа шығармашылық табыс тіледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Шашубай Малдыбаевтың Қызылжар өңіріне сіңірген елеулі еңбегін тілге тиек етті.
Шашубай Малдыбаев еңбек жолын 1971 жылы қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген қарашаңырақ – алдағы жылы бір ғасырлық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық “Soltústik Qazaqstan” (бұрынғы “Ленин туы”) газетінде бастаған. Шығармашылық кеште “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, бір кездері мерейтой иесімен бірге қызмет еткен Жарасбай Сүлейменов сазгердің азаматтық қасиеттеріне тоқталды.
“Шашубай Малдыбаевтың тұла бойы тұнған өнер десек, қателеспейміз. Сазгерлікпен айналысқан оның өңірімізге ғана емес, елімізге де танылып, үлкен додалардан жүлделі оралғанын білеміз”, – деген Жарасбай Қабдоллаұлы оның бүгінде осындай үлгілі азамат болып қалыптасуында әкесі Ғалым Малдыбаевтың еңбегі мол екенін тілге тиек етті.
Кезінде “Soltústik Qazaqstan” “Бостандық туы” атауымен шыққанда бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарған Ғалым Малдыбаевты Қызылжар өңірі жақсы таниды. Шашубай Ғалымұлының әкесі арқылы Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Темірғали Нұртазин, Игібай Әлібаев секілді қазақ халқына қадірлі ақын-жазушымен таныс болып, тіпті, олар туралы естелік кітап жазғанын да айта кеткеніміз жөн. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев мерейтой иесіне өзі басқарып отырған өнер ұжымының жылы лебізін, құттықтауын жеткізді.
Шығармашылық кешке Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген “Qazaqstan” мемлекеттік телерадио компаниясының ардагері Қазина Нұрқанова Шашубай Малдыбаевтың кітапты көп оқығаны, сол үшін “энциклопедия” деп аталып кеткені жайлы әсерлі әңгімеледі.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Жанар Таласпаева сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өскелең ұрпаққа үлгі боларлық игі істері жайлы баяндады. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжанов жылы лебізін өлең жолдары арқылы жеткізді.
Кешке жиналған қауым Шашубай Малдыбаевтың орындауындағы әсем әндерді тыңдап, құлақтарының құрышын қандырды. Облыстың шығармашылық ұжымдары мен жас өнерпаздар да сазгердің әндерін нақышына келтіре орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.