«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕМДІ САҒЫНАМЫН

“Бала кезімде мен тым ерке болдым. Әлі есімде, анам байғұс бес жасқа келгенше мені арқалап, табанымды жерге тигізбейтін. Түске дейін ұйықтап, қалған уақытты ойынмен өткізетінмін. Сол кездерде мен өзімді сондай бақытты жандай сезінетінмін. Өйткені, анам да, әкем де қасымда болды.

Бақытты балалық шағым осылай жалғаса беретіндей көрінді. Бірақ әкем жаман әдетке салынып, арақ іше бастады. Ол бар тапқан-таянғанын ішімдікке жұмсап қойған күндері үйде у-шу болатын. Анам: “Енді ішуіңді қоймасаң кетем, айрылысам сенімен” десе, әкем: “Кете бер, ұлымды саған бермеймін”, – деп бір-бірін қорқытатын. Осындай әңгімелердің шет-жағасын естіген кездерде жүрегім езілетін. Үйдің берекесін сақтауға тырысқан анамды да, жаман әдеттен арыла алмай жүрген әкемді де аяп, қатты қиналатынмын. Қалай болғанда да, ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарап, “Бізде әлі бәрі жақсы болады”, – деп өз-өзімді жұбаттым. Бірақ арада бірер жыл өткенде, шын мәнінде де олардың ашу үстінде айтқан сөздері істерімен ұштасып кеткенін байқамай да қалыппын. Иә, осылайша менің ата-анам ажырасты. Ол кезде мен он бес жастамын. Анам қалаға кетті. Мен әкеммен ауылда қалдым. Әрине, әу баста анам мені өзімен бірге алып кеткісі келді. Бірақ мен әкемді жалғыз тастап кеткім келмейтінін кесіп айттым. Сөйтіп, қимасам да анаммен қоштасуға тура келді.

Әкем басында маған үлкен ризашылықпен қарап, тіпті, бірнеше ай бойы ішпей, жұмысқа да орналасты. Мен оның өміріндегі өзгерістерге қуанып, болашақта қайтсем де, анам екеуін қайта табыстырып, бұрынғы бақытты отбасымызға оралармыз деп үміттендім. Шынымен де, солай боларына сендім. Бірақ әкем менің бар арманымды аяққа таптады. Ол бұрынғы бөтелкелес достарымен қайта қосылып, арақ іше бастады. Күн демей, түн демей үйге келіп, тіпті, кейде менен ақша сұрап, жүрекке тиер жаман сөздер айтудан да ұялмайтын болды. Ақыры мен оның түзелмейтініне көзім жетті. Шыдамымның шегі таусылған күні әкеммен ашық әңгімелестім. Ол әдеттегідей асүйде достарымен әңгімелесіп, “суық шайын” ішіп отыр екен. Ызаға булықсам да, өзімді ұстауға тырыстым. Қасына жақындап барып: “Қазір таңдау өзіңде. Не менімен қалып, адамша өмір сүресің, я болмаса осы үйде жалғыз қаласың”, – дедім. Мен қателесіппін. Ол бұл жолы да біздің бақытты болашағымызды емес, өзінің құлқынын ғана ойлады. Сол күні кешке анама телефон соқтым да, ертесіне жолға шықтым.

Қазір анамның қасындамын. Бізде бәрі ойдағыдай. Бірақ қандай болса да әкенің орны бөлек қой. Мен оны сағынамын, тосамын. Бірге тұрсақ деп армандаймын. Әттең, менің жанайқайым оған жетер емес…

Қасым.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp