Соңына ұмытылмайтындай өнеге қалдырып, өмір өткелдерінен өз орнын алған, бізге бейбіт өмір сыйлаған әкемді өмірден өтсе де, балаларының алды 70 жастан асса да, немере-шөберелері ұмытпақ емес. Еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен, қиын-қыстау кезеңде қолына қару алып, Отан үшін от кешкен майдангер Шәрап Әубәкірұлы жайында сөз қозғамақпын.
Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде әкемді ауыл тұрғындары ерекше құрметтейтін. Соғыстың ауыр зардабын көрсе де, ол айналасына шуақ шашып, бауырмал мінезімен таныла білді. Майдангер әкемізді мектепке жиі шақыратын. Балаларға соғыс тақырыбын баяндап, толарсақтан саз кешкен замандастарының ерлігі жайында ұзақ әңгімелейтін. “Олардың көз алдымда жау қолынан ажал құшқанын көру маған өте ауыр тиюші еді”, – деп елге оралмаған ауылдастарының ұрпақтарына ерекше құрметпен қарайтын. Жаз айларында майдан даласында қаза тапқан достарының балалары мен немере-шөберелерін үйге арнайы шақыртып, аталарының қандай болғанын айтып отыратын.
Шәрап Әубәкірұлы арабша хат таныды. Біз біле бермейтін шежірелерді жинаумен айналысты. Шал ақынның, Ақан серінің шығармаларын жатқа айтатын. Әдебиетке деген ынта-ықыласының арқасында 1955-1971 жылдар аралығында бұрынғы Заря кеңшарына қарайтын Алқаағаш бөлімшесінде пошташы болып қызмет етті. Ол газет-журналдарды үзбей оқитын. Бұрын баспасөз бетіне шықпаған, еш жерде айтылмаған ақын-жазушылардың туындыларын кездестірсе, қиып алып, бізге жаттатқызатын. Сонымен қатар жерлес ақын-жазушылар Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің кітаптарын да көзінің қарашығындай сақтады. Әкеміз жұмыстан қолы босағанда өлең жазумен де айналысты. Бүгінде оның бірнеше жазбалары топтастырылған жыр дәптері асыл мұрадай үйіміздің төрінде сақтаулы тұр. Соның ішіндегі өлеңдерінің көбін әкем майдан даласында жүріп жазған екен. Соның бірін қаз-қалпында беруді жөн санадық.
Күләш ШӘРАПҚЫЗЫ,
зейнеткер.
Мамлют ауданы.
Айтайын бір азырақ істің жайын.
Тілекке жеткізе гөр бір, Құдайым.
Кеткелі елден шетке жылға толды.
Дәл осы былтырғы жыл июнь айы.
Әуелі Қызылжарда бір ай болдық.
Темірдей қатты тәртіп бағындырып.
Бұрынғы ескі әдеттің бәрін қойдық.
Сөйтіп-ақ жүріп кеттік қиыр асып.
Пойыздан бір түспестен жиырма сөтке.
Жауған оқ күндіз-түні гүрілдетіп.
Тілейміз бір Құдайдан жөн бер епті.
Тілейміз тағы отырып амандықты.
Бөлінсек жолдастардан адасамыз.
Көрмей бір жылы жерді сорланамыз.
От көрсек қызуына таласамыз.
Алты ай қыс ағаш түбін қылдық қоныс.
Оқ атып күндіз-түні дұшпан неміс.
Көре алмай Совет елін кәпір тегіс.
Бастады былтырғы жыл қырғын соғыс.
Бар халықтан естіді мың бір сөгіс.
Тоқсан күн, тоқсан түнде бір қозғалмай.
Төсектен бас көтеріп тұра алмай.
Мені есіне алғандар оқысын деп,
Өлеңімді тауысам осы шақтан.
Шәрап ӘУБӘКІРҰЛЫ.